Қоғам

Димаш Құдайберген БҰҰ-ның жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды

11:37, 09 желтоқсан 2025 64

Әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон бойынша ұйымының (IOM) жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Бұл туралы мәлімдеме IOM-ның Instagram-дағы парақшасында жарияланды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

"IOM әртіс әрі ізгі қайраткер Димаш Құдайбергенді біздің ұйымның жаңа ізгі ниет елшісі етіп мақтанышпен тағайындады", - делінген хабарламада.

DimashNews порталының жазуынша, бұл тағайындау Димаштың ұзақ жыл бойы қиын жағдайларға тап болған адамдарды қолдау жолындағы адал қызметін білдіреді.

Кеше, 8 желтоқсанда Женевада өткен IOM кеңесінің кезекті сессиясында Димашқа жаһандық ізгі ниет елшісі мәртебесінің символын Халықаралық көші-қон бойынша ұйымының бас директоры Эми Поуп табыстаған.

Ал Димаш ұйымға мүше мемлекеттер делегациялары мен қызметкерлері қатысқан аудитория алдында өзінің S.O.S d’un terrien en détresse атты танымал туындысын орындаған.

Сондай-ақ көпшілік алдында қазақ тілінде сөйлеп, IOM-ның жаһандық ізгілік елшісі болу – ең алдымен үлкен жауапкершілік екенін айтқан.

"Алайда осы миссия арқылы қауіпсіз көші-қонды қолдай отырып, мейірімділік пен жанашырлықты насихаттап, барлық қауымдастықты біріктіруге үлес қосқым келеді. Әрбір жүрек – бізді жақындастыратын жарық, сол жарық арқылы біз бір үлкен әлемді бірге құрып келеміз. Тағы да осы зор құрмет үшін алғысымды білдіремін. Мен ХКҰ отбасының бір мүшесі болғанымды мақтан тұтамын және сіздермен бірге осы маңызды жолды әрі қарай жалғастыруға әрқашан дайынмын", - деді Димаш Құдайберген.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз