Деструктивті діни ағымнан ада қоғам – тұрақты елдің негізі. Түркістан облысы Дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" теологы Дінмұхаммед Зиябек осылай мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қазіргі жаһандану заманында ақпарат кеңістігінің кеңеюі, әлеуметтік желілердің ықпалы, діни білімнің жетіспеушілігі – қоғамда әртүрлі діни көзқарастардың, соның ішінде деструктивті ағымдардың таралуына жол ашып отыр. Бұл мәселе әсіресе жастар арасында белең алып, ел ішіндегі рухани тұрақтылық пен ұлттық тұтастыққа қауіп төндіруде. Сондықтан деструктивті діни ағымдардан ада қоғам құру – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының басты кепілі болып табылады, - деді теолог.
«Деструктивті» сөзі латын тілінен аударғанда «бұзушы, жоюшы» деген мағынаны білдіреді екен. Демек, деструктивті діни ағым – бұл дәстүрлі діннің атын жамылып, қоғамда бүлік, алауыздық, зорлық-зомбылық пен радикал көзқарасты насихаттайтын топтар дейді Дінмұхаммед Зиябек. Олар көбінесе жастар мен діни сауаты төмен азаматтарды арбау арқылы өз қатарына тартады екен.
Деструктивті діни ағымдар – бұл қоғамда алауыздық, іріткі, төзбеушілік пен радикалды көзқарастарды насихаттайтын топтар. Олар көбінесе дәстүрлі дінді бұрмалап, өз мүддесіне пайдалана отырып, адамдардың санасын улайды. Мұндай ағымдардың мүшелері мемлекеттің заңдары мен зайырлы құрылымына қарсы шығып, шариғатты бұрмаланған түрде қолдануды талап етеді. Олардың қызметі көбінесе құпия түрде жүргізіліп, әлеуметтік желілер мен бейресми діни сабақтар арқылы жүзеге асады, - деп мәлімдеді "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" маманы.