Деструктивті діни ағымдағы адамның айқын белгілері бар. Мәселен, олар намаз оқуы басқаша болады. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығына" берген сұхбатында белгілі теолог Тимур Нүсіпхан айтты, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Деструктив дегенде кімді айтып тұрмыз? Бұл жерде Ислам атын жамылған ағымдағы адамдар болса – сәләфит, басқа да болса, бұлардың кейбір белгілері болады. Мысалы, намаз оқуда біздің ханафи мазһабындағы мешіттегі имам, ұстаздардың оқу үлгісіндей намаз оқымайды, сәл өзгеше болады. Қол байлауы, намазда тұруы, намаздан кейін отырып таспих тартып, оқыған намазының қабылдығын, бала-шағасының амандығын сұрап қолын жайып дұға жасау, бетін сипап, қабылдығын Раббымнан тілеу деген секілді түсініктер оларда болмайды. Ол – бір. Үнемі намаз оқып жатқан адамды кездестіре алмауы мүмкін ғой белгілі бір уақыттарда. Немесе той-томалақ, қайтыс болған адамның үші, жетісі, қырқы деген нәрселерде бұлар жүрмейді. Түрлі сылтау айтып, барса да айнала қашып, жерлеп жатқан адамның да жанында тұрып қоштасуын да, соңғы сәтінде де қабірінің басында топырағын салып, құранын оқып, сол жерде отырып жамағатпен бірге болмайды, қашып жүреді. Ол жерде оқылған құранды да, Алланың сөзі болған құранның өзін сол жерде оқып жатқан туған анасы, әкесі, жақыны болса да дұрыс емес деп қабылдайды, - деді теолог.
Жат ағымдардың бұдан өзге де белгілері көп. Егер жоғарыда аталған белгілер байқалса, ол адамды Дін басқармасындағы теолог, имам немесе ұстаздарға апару керек дейді Тимур Нүсіпхан.
Адам шошыған түс көріп, «жынданып кетті ме мынау» деп, қорыққан кезде имамға апару емес, осындай бір белгілер байқалған кезде баласында "ол соған апарам" десең де қуана-қуана бармай, керісінше қашқақтауы мүмкін: «Ой, не біледі, имамға бармаймын мен», – деп. Осындай болса, көбірек көңіл бөлу керек. Өзің барып, әкеліп сөйлестіру керек. Талай сөйлесіп жүрген кейбір адамдар жақын досы, жақын туысы осындай жанашырлықпен әкеледі. 1-2 сөзден кейін маман оның дұрыс-бұрыс екенін ажыратып береді. Егер дұрыс емес көзқараста болса, оны әрі қарай жүйелі тұрғыда жұмыс жасап, толық радикалданбай тұрып, райынан қайтарып, бері қарай аман-есен әкелу керек, - деген сұхбат беруші видеода.