Қоғам

Деструктивті діни ағымдағы адамның отбасынан береке-бірлік кетеді - теолог

17:45, 27 тамыз 2025 14

Жат ағымның жетегінде кеткен адамның шаңырағында берекe мен бірлік болмайды. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасына қарасты “Дін мәселерін зерттеу орталығына” берген сұхбатында белгілі теолог Тимур Нүсіпхан айтты, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Оның айтуынша, жат ағымның жетегінде кеткен адамның санасы әбден уланады.

Деструктивті діни ағымдағы адам - санасы уланған, көзқарасы бұрмаланған теріс түсініктегі өзгеше ойлайтын адам. Бірінші кезекте террорист, экстремист радикал болмай тұрып, адам санасы уланады. Деструктив болады. Санасының улануына да себеп болған өзгеше дінді оқуы, құранды өзгеше түсінуі, пайғамбарымыздың хадистерін бұрмалаған кейбір шейх сымақтардың айтқанындай ұғынуы, осы нәрселердің барлығы дінді бұрмалап, теріс түсінгеннен кейін ортаға деструктив шығады ғой, - деді теолог.

Тимур Нүсіпханның айтуынша, адасқандар да намаз оқиды, олар да Құран оқиды. Олар да уағыз айтады. Бірақ, мүлдем өзгеше дейді маман.

Ол да қайтыс болған жақынын жерлейді, бірақ жанашырлық жоқ. Құран оқу, мейірімділік, ондай нәрселер жоқ. Сана өзгеше. Дін ұстануы, түсінігі өзгеше. Ол өмір сүріп жатқан бейбіт, тұрақты, әділетті  қоғам деп жатамыз қазір, сондай бір мемлекетке өте үлкен қауіпті. Бірінші кезекте отбасында береке-бірлік кетеді, - дейді сұхбат беруші. 

Деструктивті діни ағымдағылар қарапайым мектептерде берілетін білімді менсінбейді екен. Сондықтан, шекара асып, тек Құран оқытатын елдерге қоныс аударып жатқандары бар.

Деструктивті балаң болса сенімен бірге отырып ас та ішпейді. Мектепке барса ол жерде беріліп жатқан білімді де менсінбейді. Тіпті сондай адамдар бар. Орысша оқытпаймын деп, екң баласын алып, Қордайдағы Камаз жүргізушілеріне ақша беріп, әрі қарай Қырғызстанға өтіп, Қырғызстаннан Түркия, Түркиядан Марокко, Мароккодан Мавританияға кетіп қалған. Неге? Ол жақта тек құран оқытады екен. “Не керек мына мектептегі биология, химия, физика, өледі де қалады ертең балам. Одан ағылшынша сұрамайды періште қабірде. Арабша сұрайды”. Сондай санамен уланып, өзі ғана уланбай, ұлын да, отбасын да улап жібергендер бар, - деп атап өтті теолог.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз