Мәдениет саласы наразылықтар шеруіне, ақпарат саласы соттасу алаңына айналды, ал жемқорлық жайлаған киноға бөлінген қаржы талан-таражға түсіп жатыр – дейді депутат Қазыбек Иса.


Мәдениет саласы наразылықтар шеруіне, ақпарат саласы соттасу алаңына айналды, ал жемқорлық жайлаған киноға бөлінген қаржы талан-таражға түсіп жатыр – дейді депутат Қазыбек Иса. Мәжіліс депутатының мәліметінше жарты жылда мәдениет қайраткерлері Мемлекет басшысы мен Парламенттен көмек сұрап, 6 рет ашық хат жазған, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Кейінгі бір жылда мәдениет саласы — наразылықтар шеруіне, ақпарат саласы — соттасу алаңына айналды. Соңғы 6 айдың ішінде мәдениет қайраткерлері Мемлекет басшысы мен Парламенттен көмек сұрап, 6 рет ашық хат жазды, яғни, айына бір хаттан келеді. 12 қарашада екі Еңбек Ері — Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған, халық әртістері мен халық жазушылары қостаған әйгілі мәдениет қайраткерлері кино саласындағы қалыптасқан ауыр ахуалға наразылық білдіріп, мемлекет басшысынан жағдайды бақылауға алуды сұрап, тағы да ашық хат жазды», — деді Қазыбек Иса Үкімет басшысы атына депутаттық сауал жолдап. 

Оның айтуынша, ашық хаттардың мазмұны кино өндірісіне жауапты орындарда салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр және жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға түсіп жатыр. Бірақ ашық хаттар Президентке қайта-қайта жазылып жатса да, Үкімет үндемей отыра беруге үйренген. 

«Мәдениет министрлігі өздерінің қателіктерінен шыққан дауды тезірек шешу орнына, Президентке талай үндеу жасалып жатса да, соңғы үндеуден бері он күннен асса да, министр түгілі, министрліктің бір өкілі де «Қазақфильмге» бас сұқпаған әлі. Бұл мәдениетті қолдауға баса назар аударып отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан саясатына қарсы жасалып отырған саботаж емес пе?!», — дейді ол. 

Президент пен Парламентке жазылған хатта «Қазақфильм» киностудиясында да, Ұлттық киноны қолдау орталығында — бірде-бір кино саласының маманы жоқтығы жазылған. 

«Мәдениет саласына мәдениеттен хабары жоқ кім көрінгенді басшы қылатындай мәдениет салалары, ұлттық кино экперимент жасайтын орган ба? Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздің ұлттық идеологиясы, әдебиеті мен мәдениеті, өнерінің жетекші ордасы емес пе? Кез келген саланы құртудың ең оңай жолы — ол жерге ол салаға еш қатысы жоқ адамды бастық қылу. Мамандығы киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бір күн де кинода істемеген, қазақ тілін қақпайтын, бір де бір рет қазақ фильмін көрмеген адамды «Қазақфильмге» басшы қылудағы министрдің мақсаты осылай елді шулатып, жұмысты тұралату ма?», — деп шүйлікті халық қалаулысы министрге. 

Сөз соңында Қазыбек Иса Үкімет аталған мәселеге шұғыл араласып, жағдайды тұрақтандыруы тиіс екендігін айтты.