$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

«Дәрігерлердің бәрі періште емес»: Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы даулы оқиғаға жауап берді

Редактор
03.11.2026, 12:51
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне күш қолдануды ақтауға болмайтынын айтты

Ақтауда баланың әкесі мен хирург арасында болған жанжал қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Журналист министрден дәрігерлерді қорғауға бағытталған заң ата-аналардың құқығын шектеп қоймай ма деп сұрады. Сондай-ақ баланың әкесі жанжалға дәрігердің әрекеті себеп болғанын алға тартатынын жеткізді.

«Әлбетте, қол жұмсау – қылмыс. Бірақ хирургті ақтаған кезде ақ халатты жандардың бәрін періште дей алмаймыз ғой. Дәрігермен жанжалдасқан кез келген адам 12 жылға сотталып кетуі мүмкін деп қорқып жүретін болса, мұның арты қалай болады?» – деді журналист.

Бұған жауап берген Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне күш қолдануды ақтауға болмайтынын айтты.

«Енді қызметін атқарып жатқан азаматты келіп ұрып-соғып, жұлқылай берсе біреу, соны өзіңіз дұрыс көресіз бе?» – деді министр.

Оның айтуынша, медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заң нормасы сәуір айынан бастап күшіне енген. Қазір Қазақстан бойынша осыған ұқсас 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалған.

Журналист дәрігерлерді заңмен қорғау олардың жауапкершілігін төмендетпей ме деген мәселені де көтерді.

«Ал ата-ананың құқығы қалай болады? Егер дәрігер сондай жағдайға жеткізіп жатса, ата-ананы?» – деп сұрады ол.

«Енді дәрігер мұндай жағдайға жеткізді деген әзір дәлел жоқ. Қылмыстық іс барысында дәлелденіп жатса, содан кейін тағы көрерміз», – деп жауап берді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің сөзінше, Ақтаудағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жанжалдың нақты мән-жайына құқық қорғау органдары баға береді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау