Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Халықаралық бокс федерациясының өзіне қатысты шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Жәнібек Әлімханұлы Instagram желісіндегі парақшасында IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылуына қатысты жазба жариялады.
"Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды.
Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! Бір титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса, 8 айдан соң рингке шығамын! Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтамадық, меніңше бәрі енді басталатын сияқты!
Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз!
Қазанаттың жолында жазық та бар ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар сор да бар! Бұл өмір заңы! Әр қиындықтан соң қуаныш барын ұмытпаймыз", - делінген жазбада.
Боксшы тағы да допингке қарсы екенін айтты.
"Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі!
Ардақты ағайын, біз әлі әлем чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет", - деді ол жазбасында.