Атырау облысының әкімі болып жақында тағайындалған Болат Ақшолақовтың орнына KAZENERGY қауымдастығының төрағасы қызметіне бұрынғы экология министрі Серікқали Брекешев келді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Серікқали Брекешев мұнай-газ саласы мен мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған. Еңбек жолын 1990-жылдардың соңында мұнай өндіру шебері және инженер ретінде бастаған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Энергетика министрлігі мен Мұнай және газ министрлігінің құрылымдарында жұмыс істеді. Бұл қызметтерде мұнай және газ өнеркәсібін дамыту мәселелерімен айналысты.
2021 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Алайда министр ретіндегі қызметі бірнеше даулы оқиғамен қатар өрбіді.
Мәселен, «ӨКМ операторы» (РОП операторы) төңірегіндегі жанжал кезінде министрліктің жұмысына қатысты көптеген сұрақтар туындады. 2022 жылы оның орынбасары Ахметжан Прімқұлов қамауға алынды. Сол кезеңде қоқыс жағатын зауыттар салу кезінде миллиардтаған теңгенің жымқырылуына байланысты да министрден түсініктеме талап етілді.
Тағы бір дау ақбөкендерге қатысты болды. 2022 жылдың жазында Брекешев Орал популяциясындағы ақбөкендер санын реттеу қажеттігін айтып, олардың белгілі бір бөлігін табиғаттан алу мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктің жұмысын ашық сынға алып, геология және биоалуантүрлілік саласындағы жағдайға байланысты Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.
2023 жылдың қаңтарында ол министр қызметінен босатылды. Бір айдан кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының газ жобаларын дамыту жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.