Жануарларды ешқандай құжатсыз және рұқсатсыз кәсіпкерлік мақсатта пайдаланғаны анықталды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін «Бурабай» ұлттық паркінің келушілері әлеуметтік желілерде жануарларға қатыгездік көрсетіліп жатқанына шағымданған еді. Олардың айтуынша, саябақ аумағында туристерді серуендетіп жүрген понилердің жағдайы өте нашар. Осыған байланысты Ақмола облысының полициясы тексеру жұмыстарын бастады.
«Бурабай даму» ЖШС басқарушы компаниясы да мәселенің бар екенін растады. Абылай хан алаңында туристерді атпен және понимен серуендету қызметін ешқандай келісімшартсыз және рұқсат құжаттарынсыз көрсетіп жүрген адамдар анықталған.
«Жануарларды пайдалана отырып қызмет көрсеткен, алайда келісімшарттары мен тиісті рұқсат құжаттары жоқ азаматтар анықталды. Жиналған материалдар құзырлы органдарға жолданады», – деп хабарлады компания.
Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Заң бұзушылықтар расталған жағдайда, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.