«Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» жұмысшылары наразылық білдірді. Олардың айтуынша, қызметкерлердің жеке заттарын арнайы қызметтік иттермен тінтуге қатысты тексеру жұмыстары көпшіліктің наразылығын туғызған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz informburo-ға сілтеме жасап.
Жұмысшылардың сөзінше, құзырлы орган өкілдері есірткіге қатысты тексеру жүргізу барысында 70-ке жуық адамды алып кеткен.
«70 адамды алып кетті. Біздің сменде орыс бар еді. 30 жыл істеген. Оны әкетіп барып наркологияға апарып, шкафтарды тас-талқан еткен. Бұл түрме емес қой. Бізге тек охрана қалсын», – дейді жұмысшы Ербол Абдуанов.
Наразылыққа шыққандар кәсіпорындағы әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Олардың пікірінше, зауытта басшылық құрам тым көп.
«Мына заводта әр саланың директоры бар. Соларды қысқартып бір-ақ директор қалсын. Мына жерде пол жуатынның директоры. ТБ-ның директоры. Ананың-мынаның 20 шақты директор бар», – дейді жұмысшы Дәметкен Көшекова.
Сондай-ақ жұмысшылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақы аударымдары, еңбек демалысына байланысты төлемдер мен денсаулыққа байланысты жәрдемақы мәселелерінің уақытылы шешілмейтінін алға тартты.
Ал зауыттың баспасөз қызметі тексеру шаралары мемлекеттік органдардың бастамасымен және олардың құзыреті аясында жүргізілгенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жұмыстар есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ұйымдастырылған.
Өңірлік полиция департаменті сегіз адамнан есірткі заттары табылғанын хабарлап, іс материалдарының сотқа жолданғанын мәлімдеді.