Аймақ

“Бұл жерден тектоникалық жарылыс өтіп жатқан жоқ”

18:13, 07 қараша 2025 38

Алматыдағы Академқалашықта салынайын деп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысына Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек араласты, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Мәжілісмен бүгін тұрғындардың шағымын тыңдауға келді. Әрі құрылыс жоспарланған аумақта мемлекеттік органдар, сондай-ақ құрылыс компаниясы қатысқан жиын өткізді. 

Бұл аумақта бизнес орталық пен қонақүй салу жоспарланған. Алайда, тұрғындар құрылысқа қарсы шыққан еді. Себебі, жаңа нысандар экологияға кері әсер етеді, ағаштар оталады, әрі тектоникалық жарықтың үстіне салынады деп алаңдаушылық білдіруде. Алайда, наразы жұрттың сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты сұрағына Сейсмология институтынан келген маман нақты жауап берді. 

“Бұл жерден тектоникалық жарылыс өтіп жатқан жоқ. Тектоникалық жарылыс көшенің ар жағында, бұл аумақтан 160 метр жерден өтіп жатыр. Ал осы жер 9 баллдық аймаққа кіреді”, - деді Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Айгүл Данабаева.

Жиынға қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары да шақырылған. Олар тұрғындардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді. Сөйтсе, Бас жоспарға сәйкес, бұл коммерциялық аймақ екен. Яғни, бизнес орталығын не болмаса қонақүй салуға рұқсат. 

“Бұл жер учаскесі қазір SABA GROUP компаниясының жеке меншік құқығында. Аумақ коммерциялық болып есептеледі. Бас жоспардан кейін құрылатын нақты жоспарлау жобасына сәйкес бұл жерде коммерциялық бизнес орталық, қонақүй кешені т.б халыққа қызмет көрсету нысандары қарастырылған. Бұрынғы меншік иесіне сәулет жоспарлау тапсырмасы берілген. Қазіргі таңда SABA GROUP компаниясында жобаның алдын ала құжаттары жоқ, - деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының Бостандық ауданы бойынша бөлім басшысы Бекнар Берікұлы.

Ал, мердігер жер телімін жақында сатып алғанын айтады. Яғни, әлі бір айға да жетпеген. Сондықтан, құжаттарын енді түгендеп жатыр екен. Компания өкілдері тұрғындардың шағымын ескеріп, 9 қабатты бизнес орталықтың биіктігін төмендеттік дейді. Яғни, енді 9 қабатты нысан салынбайды. 3 және 5 қабатты ғимараттар бой көтермек. Сондай-ақ, халыққа кішігірім саябақ салып беруді де жоспарлап отыр.

“Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылысты арнайы талонды қолымызға алғаннан кейін ғана бастаймыз. Тиісті сараптамалардан өткен соң ғана жұмыс басталады”, - деді SABA GROUP компаниясының президенті Ілияс Кәрібозов.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз