Иранның зымыран шабуылы салдарынан Израильдегі көлемі жағынан үшінші аурухана - Беэр-Шева қаласындағы «Сорока» ауруханасына айтарлықтай зақым келді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Израиль билігінің мәліметінше, ауруханада ем алып жатқан 71 адам жарақат алған. Аурухананы аралап шыққаннан кейін Израильдің қорғаныс министрі елінің Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеиді заңды нысана деп санайтынын мәлімдеді. Алайда Иран аурухананың емес, оның жанында орналасқан әскери нысанның көзделгенін алға тартуда.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранның Жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменейге тікелей ескерту жасады.
«Бұл адам (Хаменей) тірі қалмауы тиіс. Израиль армиясы тиісті тапсырма алды. Біз Хаменеидің көзін жою арқылы мақсатқа жетуді көздейміз», – деді Кац.
AFP агенттігінің хабарлауынша, шабуыл хирургия бөліміне тиген, ол жерден адамдар эвакуацияланған. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан кейін аурухана үстінен түтін көтерілген. BBC тілшілері бұл ауданда үлкен қирау болғанын, ауада ұзақ уақыт бойы түтін іркіліп тұрғанын хабарлады.
Аурухана әкімшілігінің мәлімдеуінше, ғимараттардың бірі өртеніп кеткен.
«Бірнеше бөлімше толықтай қирады, ауруханаға елеулі залал келді - бүкіл медициналық орталық бойынша ғимараттарға, құрылымдарға, терезелер мен төбелерге зақым келген», - деді аурухана директоры Шломи Кодиш журналистерге.
Қазақстан Ираннан өз азаматтарын эвакуациялап жатыр
Таяу Шығыстағы қарқынды шиеленіскен жағдайда Қазақстан Республикасы өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан эвакуациялауды жедел ұйымдастырды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды.
Эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылды, атап айтқанда 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалды.
Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақтылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді.
Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті, сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажетті қолдау көрсетті. Қысқа мерзімде 200-ден астам азаматымыз хабарласып, оларға көмек көрсетілді. Ирандағы барлық қазақстандықтармен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды.