Әнші Жігер Ауыпбаев жеке өміріне қатысты тың мәліметпен бөлісті. Өнер иесі «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында өзінен 15 жас кіші арумен көңіл жарастырып жүргенін жасырмады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Әншінің айтуынша, желі қолданушылары оның таңдауы туралы түрлі пікір жазып жатыр. Алайда ол көпшіліктің біржақты ой қалыптастырып отырғанын жеткізді.
«Бәрі “Мектеп бітірген қыз ба, сабағын оқымай не істеп жүр?” деп жазып жатыр. Екеуміз әлі толыққанды сұхбат берген жоқпыз. Халық біржақты ғана пікір жазып жатыр. Мен де басы істемейтін адам емеспін. Ол 2003 жылғы қыз, қазір 23 жаста», – деді әнші.
Өнер иесі сүйіктісімен біраз уақыттан бері араласып жүргенін, тіпті оның ата-анасымен де танысқанын атап өтті. Қазір екеуі қыз бен жігіт екенін айтты.
Сондай-ақ, Жігер Ауыпбаев бой айырмашылығы туралы сын-пікірлерге де жауап берді.
«Бойы кішкентай деп жатыр. Менің жаныма кімді қойса да, кішкентай ғой негізі. Менің бойым 1,95, жаныма кімді қойса да кішкентай болып қалады. Ол қыздың бойы 1,65. Өзімнен бойы ұзын адамды 1-2-ақ рет көрген шығармын. Бойына қарайтын болсам, өмір бақи бойдақ болып өтеді екенмін», – деді ол.
Әнші сүйіктісінің бойына емес, тәрбиесі мен ой-санасына мән беретінін жеткізді. Сонымен қатар ол жаңа туындысының да дәл осы аруға арналғанын айтты.
«Кішкентай қыз» деген әнді сол қызға арнап шығардым. Сәндібек Ботабаев деген композитор, ақын ініміз Ақтауға гастрольге барған кезде шығарып берді», – деді Жігер Ауыпбаев.