$ 469.93
 541.64
 5.71

Блогер Махмуд Хикматов халықаралық іздеуге жарияланды

Редактор
10.08.2026, 13:34
АФМ
АФМ
26 жастағы блогер SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up және Vavada сынды заңсыз онлайн-казиноларды жарнамалаған

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік желілерде «Маха.dxb» деген бүркеншік атпен танымал Өзбекстан азаматы Махмуд Хикматовты халықаралық іздеуге жариялады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz

Ведомство мәліметінше, 26 жастағы блогер SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up және Vavada сынды заңсыз онлайн-казиноларды жарнамалады деген күдікке ілінген. Сот оның қамауда ұсталуы санкциясын берген.

Агенттік хабарлағандай, Қазақстанда заңсыз онлайн-казинолардың жұмысына байланысты ұйымдасқан схема әрекет еткен. Ол арқылы ақша қабылданып, төленіп отырған, соның ішінде банктік эквайринг, мобильді төлемдер және криптовалюта қолданылған. Ойыншыларды тарту үшін әлеуметтік желілердегі жарнама пайдаланылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Хикматов Қазақстандағы блогерлерді іздеп, оларды казино жарнамасын орналастыруға тартқан. Ол инфлюенсерлерден аккаунттарының статистикасын — жазылушылар саны мен географиясын, қамту көрсеткіштерін және басқа да мәліметтерді сұратқан. Осы деректер негізінде жарнаманың құны белгіленген.

АФМ мәліметінше, ол мұндай қызметке барлығы 35-тен астам блогерді тартқан.

Ведомство сондай-ақ тергеу нұсқасы бойынша онлайн-казиноларға реферальды сілтемелер орналастырып, қолданушылардың өтуі үшін ақша алған блогер Қайсар Камзаны да атап өтті. Ол 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды.

АФМ Махмуд Хикматовтың қай жерде екенін білетін барлық азаматтан ақпарат беруді сұрайды.