Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысы талқыланды. Оған қоса Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы ауқымында жүзеге асқан жобалар пысықталды.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Жиынға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық режимде қатысты. Өңір басшысының сөзінше, облыста жылу және электр желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
«Жайықжылуқуат» АҚ жобаларына бөлінген қаражат 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Жол картасына сәйкес, жылу-электр орталығын «қызыл аймақтан» шығару үшін 11 өндірістік ғимаратты жөндеу және негізгі жабдықтарды ауыстыру жоспарланған. Бұл тозу деңгейін 83%-дан 60%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы өңірде қалыпты режимде өтті. «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы аясында Ақжайық және Теректі аудандарында қосалқы станциялар мен модульдік қазандықтар іске қосылды. Электрмен жабдықтау саласында 905 шақырым желі мен 29 қосалқы станция жөнделіп, тозу көрсеткіші 75,4%-ға дейін азайды.
«Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы тізілімінде облыс бойынша 32,6 млрд теңгені құрайтын 13 ірі жоба бар. Орал қаласындағы №6, №7 жылу магистральдары және 12 аудандағы электр желілерін қайта жаңғыртылады. 2029 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43%-ға дейін төмендету жоспарланды.