Бішкектегі мектепке Кемел Тоқаевтың аты берілмек. Бұл туралы Қырғыз республикасы президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, президент Садыр Жапаровтың бастамасымен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі Бішкектегі мектеп-гимназияға берілді.
Ұжымдастыру жылдарында және соның соңын ала келген ашаршылық кезеңінде Кемел Тоқаевтың отбасы туған отанын тастап, қоныс аударуға мәжбүр болған және бірнеше жыл сол Фрунзе қаласында тұрған. Кемел Тоқаев осы жерде отбасынан айырылды. Жетімдер үйінде тәрбие алды. Ұлы Отан соғысы жылдарында тағдыр оны екінші мәрте Қырғызстанға келтірді. Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесінде (қазіргі № 33 мектеп-гимназия) білім алып, сол жерден майданға шақыртылды, — деді Асхат Алагөзов.
Сондай-ақ, хатшы Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі оқыған мектепке автобус сыйлағанын еске салды.
Ол жауынгерлік ерлігі үшін «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынылды. Бірақ қандайда бір себептермен ол атақ бұйырмады. Жуықта Қасым-Жомарт Тоқаев № 33 мектеп-гимназияға автобус сыйлады. Бұл сыйлық соғыс қаһармандарына, әкесі оқыған мектепке құрмет белгісі ретінде табысталды. Сондай-ақ, осы мектептің үздік түлектеріне Алматыдағы Қаныш Сәтбаев университетінен ақысыз оқу үшін үш орын берілетіні мәлім болып отыр, — деді ол.