Әлеуметтік желіде Айдана есімді әйел президент пен қорғаныс министріне үндеу жолдап, әскерилердің әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Айдананың айтуынша, күйеуі бес жылын сарбаздық жолға арнап, офицер атанған. Қызмет барысында майор шенін алғанымен, еңбекақысы отбасын асырауға жетпей отыр.
«Күйеуім офицер болу үшін бес жыл оқыды. Осы уақытқа дейін алған айлығын айтуға ұялатынмын. Қолға 270 мың теңге тисе, ол майор болған соң 320 мың теңгеге көтерілді. Бірақ пәтердің өзіне коммуналдық төлемімен 150 мың теңге төлейміз. Қалғаны күнделікті шығынға әрең жетеді. Қазір пәтерге берілетін өтемақыны тоқтатты. Біз үшін бұл – нағыз соққы», – дейді ол.
Айдана отбасындағы ауыр жағдайды егжей-тегжейлі баяндады. Оның сөзінше, майор ертеңгісін жұмыстан келсе, артынша қайтадан қызметке шығады. Балалары әкесін сирек көреді, ал денсаулығы сыр беріп жатыр.
«Күйеуім күн аралатып жұмыста. Бір тәулікке кетсе, ертеңінде үйге келеді. Бишара, ұйықтай да алмайды, бала-шаға бар. Артынша тағы жұмысқа жегіледі. Ол осылайша денсаулығын құртып барады. Біз алтындарымызды сатып күн көруге мәжбүрміз. Тамақтың, еттің бағасын білесіздер. Балаларымызды қалай киіндіреміз? Әскерилерден басқа ешкім жоқ па? Бұл әділдік пе?» – деп ашынады ол.