Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа консультативтік орган мен Құрылтайдың өзара жұмыс істеу тәртібіне тоқталды. Мемлекет басшысы Халық Кеңесі Құрылтайға балама құрылым емес екенін ерекше атап өтті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Президенттің айтуынша, Халық Кеңесінің мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін мәселелермен айналыспайды және депутаттардың қызметіне араласпайды. Сол сияқты Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға құқығы жоқ.
«Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заң жобаларын әзірлеу кезінде қоғамның ой-пікірі мен талап-тілегін барынша ескеру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Құрылтай мен Халық Кеңесінің бірлескен жұмысы халықтың ұсыныстарын заң шығару үдерісіне кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Президент Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргенін атап өтті. Бұған дейін Тоқаев Халық Кеңесін Қазақстан тарихындағы алғашқы жоғары консультативтік орган деп сипаттаған еді.
«Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр», – деді Президент.
Тоқаев екі институттың ортақ мақсаты ел мүддесіне қызмет ету екенін атап өтіп, Халық Кеңесі мен Құрылтайдың үйлесімді жұмысы мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қоғамның қатысуын кеңейтуі тиіс екенін жеткізді.