$ 450.91
 522.69
 5.33

«Билікте қалмасам да, халық жүрегінде қалдым»: Бақытжан Базарбек Нұржігіттің жағдайынан кейін түйген ойларын айтты

Редактор
13.09.2026, 10:35
Фото Б.Базарбековтың парақшасынан алынған
Фото Б.Базарбековтың парақшасынан алынған
Экс-депутат Бақытжан Базарбек отбасылық достарнан көңілі қалғанын меңзеді

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек Нұржігіттің жол-көлік оқиғасынан кейінгі ауыр кезең оның өмірге, туыстыққа, достыққа, дәрігерлер еңбегіне және халық пен билік арасындағы қарым-қатынасқа көзқарасын өзгерткенін айтты, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Ол осы уақыт ішінде Нұржігіттің жақындарымен жақындасып, қиын сәтте кімнің шын жанашыр екенін түсінгенін жазды.

Бақытжан Базарбек Нұржігітпен бұрын ерекше жақын дос болмағанын айтады. Дегенмен палатаға кірген сайын Нұржігіт оны күлімсіреп қарсы алып, амандығын сұрайтын болған.

Тіпті кейде Нұржігіт жолдасы Құралайға әзілдеп: «Ана Бақытжан аға мұнда не істеп жүр, маған келіп? Бұл үлкен депутат кісі емес пе? TikTok, Instagram-да роликтерін көруші едік қой», — деп айтқан.

Автордың сөзінше, Нұржігіттің басынан өткен ауыр жағдай екі отбасының арасын жақындатып, оларды бір бауыр отбасыға айналдырған.

«Алланың басыма түскен бір үлкен сынағы мені Нұржігітпен және оның жақын туған-туыстарымен, менің жақындарымды Нұржігіттің жақындарымен жақындастырып, бір бауыр отбасыға айналдырды. Өмірдің өзі қызық екен», — дейді Бақытжан Базарбек.

Ол үш ай бұрын Мәжіліс мінберінде Үкімет пен министрлерге бюджет қаражатының жұмсалуы, сот орындаушылары мен банктердегі мәселелер жөнінде өткір сауалдар көтеріп жүргенін, ал арада бір жаз өткен соң Нұржігіттің өмірі үшін Құлан мен Тараздағы ауруханаларды жағалап жүргенін атап өтті.

«Ол да — өмірдің бір белесі, бір сынағы. Оған төзімді бола білу керек», — дейді ол.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, осы жол-көлік оқиғасынан кейін оның көптеген мәселеге деген көзқарасы өзгерген. Ол өз қорытындыларын бірнеше бағытқа бөліп жазған.

Бірінші кезекте ол туыстық пен ағайынның қадіріне тоқталған.

ЖҚО-дан кейін күндіз-түні Құлан емханасының сыртында Нұржігіттің бауырлары Арман, Айдос, Салтанат, Дархан, жақын аға-бауырлары мен достары кезекпен келіп отырған.

Бақытжан Базарбек олардың қиын жағдайда біреуді кінәлауға емес, керісінше қолдауға тырысқанын атап өтті.

«Бәке, сіз қатты қайғыға түспеңіз. Еңсеңізді көтеріңіз. Нұржігіт аяққа тұрады. Сіз халыққа, елге керексіз», — деп жұбатып отырған.

Автордың айтуынша, Құландағы емхананың алдында таңнан кешке дейін сарғайып, хабар күткен сәттерде Нұржігіттің бауырларының қолдауы оған күш берген.

«Нұржігіттің басты бақыты — оның бауырлары мен жақын туған-туыстары», — деп түйіндейді ол.

Экс-депутат қиын сәтте кейбір адамдардың жанынан табылмағанына таңғалғанын жасырмайды. Оның сөзінше, 20–25 жыл бойы отбасымен араласқан, бірге оқыған достарының арасында 25 күн бойы жағдайын сұрауға бір минут уақыт таппағандар болған.

Ал керісінше, күнделікті араласа бермейтін адамдар Шымкент, Түркістан, Алматы, Астанадан Құланға арнайы келіп, жағдайын біліп отырған.

Ол бұл ретте достары Камбар Омаров пен олимпиада чемпионы Ислам Байрамуковтың «Қазақстан спортын трансформациялау» спортшылар қауымдастығы атынан Астанадан келгенін, Бекболат Қаржанның Түркістаннан, Сержан Әділбаевтың Шымкенттен, Мурат Амитовтың Алматыдан келгенін атап өтті. Әріптесі Гульдара Нурымованың да Құлан мен Таразға келіп жүргенін ризашылықпен еске алады.

«Сондықтан мансабың болса, досың көп, мансаптан айырылсаң, олардың да қатары сирейтініне көзім жетті», — дейді ол.

Сонымен қатар автор өмірлік достықтың орны бөлек екенін атап өтеді. Оның айтуынша, қиын сынақтан өткен шынайы достыққа күмән жоқ.

Ол тіпті Құланға анасының достары да келіп, жағдайын сұрағанын жазды.

«Сондықтан “досымын” деген адамдарды қуанышты сәттермен ғана тексермеңіздер. Осындай сынақты сәтте сынаңыздар. Шыдағаны ғана — досқа жарайды», — дейді Бақытжан Базарбек.

Сондай-ақ ол бұған дейін Мәжіліс мінберінде денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселе көтергенін еске алады. Алайда Нұржігіттің 20 күн бойы комада жатуы медицина мамандарының еңбегін басқа қырынан тануға мүмкіндік берген.

«Біз түнде емхананың сыртында уайымдап тұрсақ, дәрігерлер сол түні ИВЛ аппаратының жанында отырды. Өз отбасын, бала-шағасын қалдырып, күні-түні науқастың өмірі үшін күресті», — деп жазды ол.

Құландағы дәрігерлер мен медбикелер Нұржігіттің жағдайын тәулік бойы бақылауда ұстаған. Ал облыс орталығынан білікті реаниматологтар — Мусаев Ғамзаттың түлектері Досымжан мен Ернар — күн сайын Құланға барып, емдеу барысы мен ИВЛ аппаратын бақылап отырған.

Тараз бен Құланның арасы шамамен 120–130 шақырым болса да, мамандар жиырма күн бойы бұл жолды күн сайын, кейде түнде жүріп өткен.

Автор медбикелердің еңбегін де ерекше атап өтті. Олар дәрігерлерге көмектесіп қана қоймай, науқастың жанында тәулік бойы болып, оның жағдайындағы әр өзгерісті бақылаған.

Бақытжан Базарбек медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен кәсіби мәртебесін көтеру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болуы керек деп санайды.

«Дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтуіміз керек. Өйткені біз олардың еңбегін көбіне ауруханаға түскенде ғана түсінеміз», — дейді ол.

Б. Базарбек Нұржігіттің жағдайына дейін де отандық дәрігерлердің біліктілігін жоғары бағалағанын айтады. Алайда осы оқиғадан кейін олардың кәсіби деңгейіне шын мәнінде көзі жеткен.

Құландағы аудандық аурухананың бас дәрігері Бекебаева Айман Кенжебекқызы, оның орынбасары Тимур Найманбаев, травматолог Рыскельдиев Бақытжан бастаған мамандар алғашқы күннен бастап Нұржігіттің өмірі үшін күрескен.

Автор ауылдық деңгейде қызмет ететін бұл мамандардың кәсібилігі республикалық деңгейдегі үздік дәрігерлерден еш кем емес екенін атап өтті.

Ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназароваға да алғысын білдірді. Бақытжан Базарбектің айтуынша, министр Нұржігіттің жағдайын жеке бақылауына алып, күн сайын ақпарат алып отырған.

Оның өтініші бойынша Қазақстанның бас реаниматологы Бақыт Қалжасұлы Жарқынбеков Құланға жіберілген.

Министрдің орынбасары Тимур Слямжанұлы Сұлтанғазиев те Нұржігіттің Құланнан Таразға ауыстырылуын және емдеу хаттамаларының орындалуын бақылауда ұстаған.

Ал Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері Мырзақасымов Хамит, Ордабеков Ербол, Гамзат Әфендиұлы Мұсаев, Джурабаев Досымжан, Еділбаев Ернар және басқа да мамандар Нұржігітті емдеуде кәсіби шеберлік пен азаматтық жауапкершілік танытқан.

Әсіресе 24 жылдан бері реанимация бөлімін басқарып келе жатқан Гамзат Әфендиұлы Мұсаевтың еңбегін ол ерекше атап өтті.

«Біз кейде күрделі ем үшін Израильге, Оңтүстік Кореяға, Германияға ұмтыламыз. Әрине, шетелдік медицинаның тәжірибесі қажет. Бірақ осы жағдайдан кейін мен бір нәрсеге анық көз жеткіздім: Қазақстанда әлемдік деңгейдегі, ешкімнен кем емес дәрігерлер бар», — деп жазды Бақытжан Базарбек.

Бұрынғы депутат бұл сынақ кезінде билікке өкпесі жоқ екенін, керісінше мемлекеттік органдардың қолдауын сезінгенін айтты.

Оның сөзінше, 15 тамыздан, яғни Нұржігіт комаға түскен алғашқы күннен бастап Президент Әкімшілігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, прокуратура органдары, «Әділет» партиясының басшылығы, бұрынғы әріптестері және жаңа Құрылтай депутаттарының бірқатары жағдайын сұрап, тікелей байланыста болған.

Ол «Бәке, қандай көмек қажет?», «Немен көмектесейік?», «Қандай қолдау көрсете аламыз?» деген сөздерді көптеген азаматтан естігенін жазады.

Жамбыл облысының әкімі де онымен тұрақты байланыста болып, қажетті көмекті ұйымдастыруға дайын екенін білдірген.

Автор мұны өзі үшін үлкен қолдау деп бағалайды.

«Бір жағынан, бұл — мен үшін үлкен абырой. Екінші жағынан, бұл — билік пен қоғам арасындағы адамдық байланыстың бар екенін көрсететін жағдай деп ойлаймын», — дейді ол.

Бақытжан Базарбек бұрын мемлекеттік қызметте және Парламентте жүргенде елдің мәселесін көтергенін, ал өзі қиын жағдайға тап болған кезде мемлекет тарапынан қолдауды сезіну ол үшін маңызды болғанын атап өтті.

Нұржігіттің жағдайына байланысты алғашқы күндері тергеу жүріп жатқандықтан, көп ақпарат бере алмағанын түсіндірді. Ол үшін сол кезде ең бастысы Нұржігіттің денсаулығы және тергеуге кедергі келтірмей, халыққа қажетті ақпаратты ғана жеткізу болған.

Соған қарамастан, әлеуметтік желідегі жазбаларына халықтың ерекше назар аударғанын айтады.

Кейбір жарияланымдарының қаралымы 300–400 мыңға, тіпті жарты миллионға дейін жеткен.

«Бұл жай ғана қаралым емес. Бұл — халқымның бейжай қарамағанының белгісі», — дейді Бақытжан Базарбек.

Оның айтуынша, адамдар Нұржігіттің амандығын күтіп, оның оянып, есін жиғанын тілеген. Әлеуметтік желідегі пікірлерде жүздеген адам күн сайын жаңалық күтетінін, отбасымен бірге алаңдап, Нұржігіттің амандығын тілегендерін жазған.

Құлан мен Таразда да таныс та, бейтаныс та адамдар жанына келіп, Нұржігіт үшін алаңдап жүргендерін айтқан.

«Бәке, Нұржігіт аман болсын. Біз де отбасымызбен уайымдап отырмыз», — деген сөздерді жиі естігенін жазды ол.

Бақытжан Базарбек бұл қолдаудың ауыр кезеңде психологиялық тұрғыдан мықты болуына әсер еткенін атап өтті.

Ол соңғы үш жарым жылда атқарған еңбегін халықтың бағалағанын дәл осы қиын сәтте ерекше сезінгенін айтты.

«Бүгін бір нәрсені анық түсіндім: билікте қалмасам да, халқымның жүрегінде қалдым. Қолымда мансап болмаса да, халқымның құрметі мен сенімі бар. Мен үшін бұдан асқан абырой жоқ», — деп жазды Бақытжан Базарбек.

Нұржігіттің оянуы оның отбасы мен жақындары үшін үлкен психологиялық әрі эмоциялық жеңіс болған.

Нұржігіт есін жиған кезде оның жанында болған Гамзат Афендиевич бірінші болып Бақытжан Базарбекке телефон соққан.

«Бәке, сүйінші! Нұржігіт оянды!» — деген дәрігердің сөзін автор ерекше толқыныспен еске алады.

Сол кезде Бақытжан Базарбек әйелі Адельмен бірге таксиде келе жатқан. Бұл хабарды естігенде өзін ұстай алмай жылап жібергенін, әйелі де көз жасына ерік бергенін жазды.

Ол бұл жаңалықты Нұржігіттің ағасы Арманға бірінші болып жеткізгісі келгенін де атап өтті. Себебі жиырма күн ішінде Нұржігіт оның отбасының бір бөлігіне айналып кеткен.

Бақытжан Базарбек өмірінде түрлі қиындықтарды көргенін, Мәжілісте үш жарым жыл жұмыс істеп, талай күрделі мәселенің ортасында болғанын айтады. Бірақ дәл осы сәттегідей эмоцияны 2018 жылы әкесі қайтыс болған кездегі қайғысын және 2021 жылы баласы дүниеге келгеннен кейінгі сезімін есептемегенде, бұрын-соңды сезінбегенін жеткізді.

«Нұржігіттің оянуы — біз үшін жай ғана жақсы жаңалық емес. Бұл — жиырма күн бойы жиналған қорқыныштың, уайымның, үміттің бір сәтте үлкен қуанышқа айналған күні болды», — деп жазды ол.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау