Бес өңірде спорт нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі: Бірқатар өңірде спорт нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды
Еліміздің бірқатар өңірінде спорт нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«5 өңірде спорт объектілерін тиімсіз басқару тәуекелдері белгіленген. Талдау нәтижелері бойынша бірқатар нысан мемлекет меншігіне қайтарылды», - деді Данияр Бигайдаров, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Оның дерегінше, мына нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды:
- Атырау облысында «Мұз сарайы» (ауданы 6 мың шаршы метр) спорт нысаны. Ол 2018 жылы «Байбарыс-Атырау» хоккей клубының басқарушысы – жеке кәсіпкерге негізсіз берілген.
- Алматы қаласында бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өтеусіз негізде жеке ұйымның басқаруында болған «Халық Арена» және «Алматы Арена» құрылыстары (жер учаскесінің ауданы 15,9042 гектар, үй-жайлардың ауданы 136 112,7 шаршы метр).
- Батыс Қазақстан облысында жеке ұйымның сенімгерлік басқаруындағы футбол алаңы бар стадион.
- Шымкент қаласында 7 жыл бұрын 128 млн теңгеге сатылған «Мұз сарайы» спорт кешенінің 67 пайыз үлесі.
- Жамбыл облысында 2017 жылы жекешелендірілген және жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылған «Айша бибі» су полосы бойынша клуб.
«Сондай-ақ, жалған құжаттар негізінде спорттық атақтар беру фактілері анықталды», - деді ол.