Павлодарда 80 жастағы зейнеткер Ертіс өзенінің жағасында серуендеп жүріп, шамамен бес метр биіктіктен құлап кеткен. Ауыр жарақат алған әйел ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оқиға 8 қарашада болған. 112 қызметіне қарт әйелдің өзен жағасындағы жардан құлап кеткені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары әйелдің жатқан жерін анықтап, арнайы жабдықтар мен зембілдің көмегімен оны жоғары көтерген. Кейін зардап шегуші жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зейнеткер қалалық №1 аурухананың политравма бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер әйелдің миы шайқалғанын, денесі соғылғанын, сондай-ақ жамбас және ортан жілік сүйектері сынғанын анықтаған.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.