Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот отырысында күтпеген оқиға болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Сот барысында төрағалық еткен судья Әбінұр Қарабаев журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарған. Бұл сәтті журналист өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялаған бейнежазбадан көруге болады.
«Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сот отырысында төрағалық еткен судья Әбинұр Қарабаев маған кенеттен тілін көрсетті! Шынымды айтсам, таңғалдым. Сол себепті бұл сәттің видеосын сіздермен бөліскім келді», - деп жазды тілші.
Осы видеоны көрген адвокаттар судьяны істен шеттету керек деп жазып жатыр.
«Бұл — сот әдебін бұзу. Мұндай қылық үшін судьяны істен шеттетіп, сот алқасына жіберу керек», - деп пікір білдірді адвокат Ерлан Ғазымжанов.