Ақтау қаласында тұратын Бейсенбек Рысжанов пен Ляззат Абдашова жетім қалған бес баланы бір-бірінен ажыратпай асырап алды. Балалардың үлкені – 15 жаста, кенжесі – 4 жаста, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметіне сәйкес, балалардың өмірге деген құлшынысы артқан.
Ляззат Абдашованың айтуынша, олар шаңырақ құрғаннан кейін 3 жылдан соң тұңғыштарын дүниеге әкелген. Содан кейін сегіз жыл бойы өздерінің бала сүйгісі келген. Осы кезеңде ерлі-зайыпты бала асырап алу порталына тіркеліп, ұсыныс түскенде бес бауырды бірге асырап алуға шешім қабылдаған.
Балалардың үлкені бастапқыда басқа отбасыға берілмек болған. Ляззат Абдашова бұл туралы естігеннен кейін барлық балаларды бірге алуға өтініш білдірген.
«Бесеуі де отбасымызға тез үйреніп, бір-бірімен тату болды. Балалардың жастары қатар, сондықтан олар бірге ойнап, уақыттарын жақсы өткізеді. Барлығы бізді мама деп атап кетті. Қазір олардың жағдайы жақсы, біз өте бақыттымыз», – деді ол.
Отбасы балалардың жағдайын жақсарту үшін баспанасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Ляззат Абдашованың айтуынша, қазіргі кезде олар бес бөлмелі пәтерде тұрады. Жоғарғы қабаттан төрт бөлмелі пәтер сатып алған, оны жөндеуден өткізіп, екі пәтерді біріктіріп, әр балаға жеке бөлме жасау жоспарланған.