Батыс Қазақстанда прокурор өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға 8 мамырға қараған түні Теректі ауданында болған. Өз үйінің ауласында аудандық прокуратураның қызметкері суицид жасаған. Бұл ақпаратты облыстық прокуратура растады.
Аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Облыстық прокуратура қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтады, – деп хабарлады облыстық қадағалаушы орган.
Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмеді.
Әлеуметтік желілерде қайтыс болған адамның Теректі ауданының прокуроры, 43 жастағы әділет подполковнигі Ғалымбек Мухитов екені жайлы ақпарат тарады. Ол асылып өлген деген болжам бар.
БҚО прокуратурасының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Мухитов Ғалымбек Әлібекұлы 1983 жылы Бөкейорда ауданының Сайқын ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ды тәмамдаған. Прокуратура саласында 2006 жылдан бастап қызмет еткен. Артында жұбайы мен екі баласы қалды.