Қоғам

«Басқа балаларын да бауырына басты»: Танымал журналист Асанәлі Әшімовтің әйелі жайлы

17:53, 26 желтоқсан 2025 90

Танымал журналист Әлия Құдайбергенова халық әртісі Асанәлі Әшімов пен оның екінші жары Бағдат ханымға қатысты көпшілік біле бермейтін жайтты ашып айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Журналистің айтуынша, Бағдат ханым Асанәлі ағаны тек тағдырымен емес, жүрегіндегі барлық мұң-қасіретімен қоса қабылдаған жан. Ол өмір бойы актерге қызмет етіп, оның отбасындағы берекені сақтауға бар күшін салған.

Бағдат апай Асанәлі ағаның ұлы Олжас пен қызы Сағинаны, сондай-ақ Мәди мен Сағидан тараған немере-шөберелерін өз балаларындай көріп, ешқашан алалаған емес. Тіпті өзінен туған ұлы Асанәліден де кем санамаған. Барлығын бауырына басып, бір әулеттің тұтастығын сақтай білді.

Марқұм Майра апайды да үнемі құрметпен еске алып, «Майра әпке» деп атап, әруағына тағзым етіп отырған. Әулет ішінде бірлік пен сыйластықты нығайтуда Бағдат апайдың орны ерекше болған. Әрбір немере мен шөберенің дүниеге келуін үлкен қуанышпен қарсы алып, елден сүйінші сұрап, салт-дәстүрін түгел орындап отырғаны да айтылды.

Журналист кеше Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу сәтін де еске алды. Сол кезде Бағдат апайдың жанында қызы Сағина қолынан ұстап, жұбатып тұрған. Немерелері мен келіндері де жанынан табылған. Көпшілік оларды танымаған болуы мүмкін. Осыған байланысты желіде “Неге ұлы мен қызы көрсетілмеді?” деген пікірлер де жазылған.

Алайда журналист бұл отбасы мүшелерінің ешқашан жасырылмағанын, Бағдат апайдың сұхбаттарында ашық айтып жүргенін атап өтті.

Әлия Құдайбергенованың сөзінше, бүкіл Әшімовтер әулеті Бағдат апайды ерекше қадірлейді. Себебі ол Асанәлі ағаның жүрегіне тағы бір мұң артпау үшін, оның бар қасіретін әулет бірлігімен жеңілдетуге тырысқан.

Кеше өткен, 800 адам жиналған аста Бағдат апайға сөз берілген. Ол сонда:

«Асеке, рухың шат болсын. Әшімовтер әулетіне әлі де қызмет ете беремін» — деген.

Журналист бұл сөздің салмағы ауыр екенін атап өтіп, “көз жетпеген дүниеге төрелік айту артық” екенін жеткізді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз