Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жұмыс сапарымен барып, алдағы шомылу маусымына дайындық барысымен танысты. Атап айтқанда, Балқаш көлін тазарту мәселесін шешу мақсатында құрылған «Балқаш Тазалық» жаңа кәсіпорнында болды. Айта кету керек, бұл жұмыс Мемлекет басшысының туристік аймақтарды ретке келтіру туралы тапсырмасын іске асыру аясында жүргізілуде, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев мекеменің қызметі мен материалдық-техникалық базасы туралы баяндап берді. Бүгінгі таңда «Балқаш Тазалық» ШЖҚ МКК-да 36 жұмыс орны құрылған. Коммуналдық кәсіпорында жалпы саны 22 арнайы техника бар, соның ішінде аспалы жабдықтары бар тракторлар, фронтальды-шағын тиегіштер, манипулятор, самосвал, аралас жол машинасы, қоқыс таситын көліктер, вакуумдық автоцистерна, суару көлігі, «Газель» жүк-жолаушылар көлігі, көпфункционалды экскаватор, тіркеме, қайық, жағажай тазалау машинасы, пикап және бензин трициклі сияқты техникаларды атауға болады.
Бұл жаңадан құрылған мекеме жазғы маусымда Балқаш көлінің жағалауын күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, жағажайларды тазалайды, қалдықтарды шығарады, жарықтандыруға, көгалдандыруға және қоғамдық санитарлық тораптарды күтіп ұстауға жауап береді. Мамыр айынан бастап бұл арнайы техниканың бәрі Балқаш жағалауына жіберіледі. Жазғы шомылу маусымынан кейін қалған уақытта кәсіпорын аудан көлемінде абаттандыру, жолдарды санитарлық тазалау және қысқы күтіп ұстау жұмыстарын атқарады, – деді ол.
Автопаркпен және оның функционалды мүмкіндіктерімен танысқан өңір басшысы туристік маусымда көл жағалауындағы санитарлық тазалық пен абаттандыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Балқаш көлінің туристік әлеуеті мол. Біз көлге апаратын жолды жаңарттық, жағалауға тиісті инженерлік инфрақұрылымдарды тарттық, Лепсі ауылында қажетті әлеуметтік нысандар салдық, жағалаудың санитарлық тазалығын сақтауға жауапты мекеме құрып бердік, техникасы түгенделді. Қысқаша айтқанда, көл жағалауын дамытуға барлық қажетті жағдайды жасап жатырмыз. Ендігі жерде сіздерден сапалы, жүйелі жұмыс қатаң талап етіледі. Туризмді дамыту – ауданның басым бағыттарының бірі болуы тиіс, - деді Бейбіт Исабаев.
Еске салсақ, облыста «Алакөл Тазалық» және «Балқаш Тазалық» жаңа коммуналдық мекемелері өткен жылдың соңында құрылған болатын. Олар Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауы аймағын күтіп ұстауға жауап береді.