$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

«Балам 42 күн ауруханада жатты, ешкім кешірім сұрамады»: Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы жанайқайын айтты

Редактор
09.11.2026, 17:04
Stan.kz
Stan.kz
Қайғылы оқиға 29 сәуірде болған

Ақтөбеде жатақхананың төртінші қабатынан құлап, көз жұмған 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың өліміне қатысты сотта тың мәліметтер айтылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның анасы ұлының қазасына колледж басшылығы мен жатақхана қызметкерлері де жауап беруі тиіс екенін мәлімдеді. Қайғылы оқиға 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, төртінші курс студенті Мәди Сүгербай Нұрбақытты терезеден түсіп, дүкенге баруға мәжбүрлеген. Жасөспірім төсек жаймаларынан жасалған арқанмен төмен түспек болғанда құлап, ауыр жарақат алған. Ол 42 күн жансақтау бөлімінде жатып, есін жимастан көз жұмған.

Сотта оқиға куәгерінің тергеу кезінде берген жауабы көрсетілді. Студент жоғары курс студенттерінен қорыққанын айтып, Нұрбақыт құлағаннан кейін оның төменде қырылдап жатқан дауысын естігенін жеткізген. Марқұмның анасы Күлайым Қолова жатақхана қызметкерлерінің ұлы тамақ іздеп, терезеден өздігінен түспек болды деген сөзіне сенбейтінін айтты. Өйткені сол күні кешке баласына тамақ алуға ақша жіберген.

«Балам ауруханада 42 күн жатқанда, “Балаң қалай?” деп бір адам хабарласпады. Ешкім кешірім сұрап, көңіл айтуға келген жоқ. Ең болмаса бір ауыз жылы сөз айтуға болатын еді», – деді анасы.

Ол ұлы ауруханада жатқанда жеке заттары салынған чемоданы жатақханадан шығарылғанын да айтып, колледж басшылығы мен қызметкерлерінің жауапкершілігін тексеруді талап етті. Ал айыпталушы Мәди Сүгербай өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Оның анасы да ұлының кінәсіз екенін алға тартты. Қазір іс Қылмыстық кодекстің 119 және 104-баптары бойынша қаралып жатыр. Соттың түпкілікті шешімі әлі шыққан жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау