Қоғам

Бағанашылдағы балалар үйінің Қонаевқа көшірілуі: 2,5 гектар жер кімге берілмек?

13:54, 19 шілде 2025 13

Бағанашылдағы апатты деп танылған балалар үйі орналасқан жер телімінің кімге берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, көшіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Бағанашыл шағынауданы, Сырғабеков көшесі, 22 мекенжайындағы жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын жер учаскесі Алматы қаласының коммуналдық меншігіне берілмек.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласындағы Бағанашыл ыңқшамауданындағы балалар үйін Қонаевқа көшіру мәселесі қызу талқыға түскен болатын. Ондағы ұл-қыздар бұған қарсы шықты.

Алайда, Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір бұл ғимаратты техникалық себептерге байланысты одан әрі пайдалану мүмкін емес екен. 2020 жылдың 13 сәуіріндегі қорытындыға сәйкес, нысандағы негізгі корпустардың, оның ішінде ұйықтау бөлмелері, асхана, спорт залы, монша және кір жуу блогының жағдайы күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған.

Қорытындыда ғимаратты тек құрылымдық бөліктерін кешенді нығайтқанда ғана пайдалануға болатыны жазылған. Осыған байланысты мекеме әкімшілігі 2020 жылғы 17 сәуірінде тиісті бюджеттік өтінім берді. Алайда облыстық мәслихат тарапынан күрделі жөндеуге қаражат бөлу туралы шешім қабылданған жоқ. Техникалық қорытындының жарамдылық мерзімі үш жылды құрайтын болғандықтан, 2024 жылы нысанға қайта сараптама жүргізілді. «Астанақұрылыссервис» ЖШС-нің зерттеу қорытындысы бойынша ғимарат толықтай пайдалану үшін жарамсыз деп танылды, - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

 

Осыған байланысты тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен Қонаев қаласында орналасқан жаңа балалар үйіне көшіру процесі басталған. Жаңа нысан 180 орынға арналған, жеке инвестициялар есебінен салынған және мемлекеттік меншікке берілген. Бұл мекеме ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға қойылатын заманауи талаптарға толық сай келеді дейді әкім. 

Ал, ескі балалар үйі ғимаратының аумағы Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беріледі.

Балалар үйі орналасқан жердің мақсатты пайдалану түрі өзгеріссіз қалады. Бұл мәселенің әрі қарайғы шешімі Алматы қаласы әкімдігінің құзырында болады. Жер учаскесін пайдалану мәселесі қолданыстағы заңнамаға сай, қоғам пікірін ескере отырып және әлеуметтік бағыттылығын сақтай отырып қаралады, - деді Марат Сұлтанғазиев.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз