Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан мен Армения елдерінің келісімге келуіне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қол жеткізілген уағдаластықтар мен осы тарихи құжатқа қол қою Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдіреміз, – делінген министрлік хабарламасында.
Қазақстан Республикасы берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мақсатында екі ел арасындағы конструктивті диалогты жалғастыруға бағытталған күш-жігерге өзінің табанды қолдауын тағы да растады.
Айта кетсек, кеше Армения Әзербайжан ұсынған бейбіт келісімнің даулы екі тармағы бойынша ұсыныстарды қабылдаған болатын. Бұл туралы Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов мәлімдеді. Оның айтуынша, құжат мәтінін келісу бойынша келіссөздер аяқталды.
Келесі кезеңде Бакудың күтетіні – Армения өз конституциясына түзетулер енгізуі керек, онда әлі де Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптар бар, – деді министр XII Баку жаһандық форумының аясында.