Қоғам

Автокөліктерді заңсыз тіркегендер мемлекетке 11,8 млрд теңге шығын келтірген

15:27, 22 мамыр 2025 80

Қазақстанда автокөліктерді заңсыз тіркегендер мемлекетке 11,8 млрд теңге шығын келтірген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Соңғы үш жыл ішінде ҚМА аумақтық департаменттері көліктерді бастапқы тіркеу үшін алым төлеуден жалтару фактілері бойынша 88 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша 1 800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген. Мемлекетке келтірілген залал 11,8 млрд теңге болды.

Күдікті ретінде 70 адам танылды, олардың қатарында Әкімшілік полиция басқармасының басшылары мен қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері және нотариустар бар, делінген ҚМА хабарламасында.

Нәтижесінде мемлекетке 900 млн теңге көлемінде алымдар төленді. Сонымен қатар, құны 31 млрд теңге болатын 1 500 автокөлікке және күдіктілерге тиесілі 968 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды.

 Ақмола облысында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкері бар топқа қатысты үкім шығарылды. Олар 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 55 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеу арқылы мемлекетке 401 млн теңге көлемінде залал келтірген, - делінген ҚМА хабарламасында.

Сот оларды 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар, мемлекет кірісіне жалпы құны 125 млн теңгені құрайтын 3 пәтер мен жеке тұрғын үй, сондай-ақ 21 млн теңге ақшалай қаражат тәркіленді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз