23 маусымда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриясының кезектен тыс съезі өтіп, онда партияның алдағы міндеттері мен Жарғысына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
23 маусымда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриясының кезектен тыс съезі өтті.
Съезд барысында партияның ағымдағы міндеттері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері талқыланды.
Жиында партия төрағасы Серік Егізбаев қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі саяси кезең қоғамның жаңару туралы сұранысына жауап бере алатын жаңа көзқарастар мен тың бастамаларды талап етеді.
Делегаттардың шешімімен партияның жаңа төрағасы болып Қайрат Айтуғанов сайланды.
— Конституциялық реформа барысында қоғамдағы өзгерістерге деген сұраныс айқын көрінді. «Ауыл» партиясы бұл үдерістерден шет қалмай, олардың белсенді қатысушысы болуы тиіс. Ол үшін аграрлық және әлеуметтік күн тәртібіне жаңа көзқарастар енгізіп, жаңартылған саяси жүйеде тиімді жұмыс істеу қажет. Сондықтан партия төрағасы қызметін тоқтату туралы шешімім ұйымның ішкі жаңғыруға дайын екенін және алдағы сайлау науқандарына толыққанды қатысуға ниетті екенін көрсетеді, — деді Серік Егізбаев.
Ол сондай-ақ партияның стратегиялық мақсаттарына адал болып қалатынын және жаңа басшылыққа партия қызметінің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Съезде партияның алдағы даму бағыттары мен ұйымдық мәселелері де қаралды. Қатысушылар партияның жаңа саяси жағдайда жұмыс істеу тетіктерін талқылап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді белгіледі.