Әуежайдың қауіпсіздік қызметі де жауапқа тартылады – ІІМ

Редактор
12.03.2025, 18:45
Әуежайдың қауіпсіздік қызметі де жауапқа тартылады – ІІМ
Полиция қызметкерлері алгоритм бойынша жұмыс істеген

Алматы әуежайында әйелді кепілге алуға жол берген қауіпсіздік қызметі де жауапқа тартылады. Бұл туралы Ішкі істер министрлінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Оның айтуынша, әуежай – адам көп болатын стратегиялық нысан. Бұл ретте полиция қызметкерлері алгоритм бойынша жұмыс істеген.

Қазір ауқымды тексеру жүріп жатыр. Қылмыстық істі тергеу және қызметтік тексеру нәтижелері бойынша әуежайдың барлық қызметтеріне, соның ішінде авиациялық қауіпсіздік қызметіне құқықтық баға беріліп, тәртіптік және басқа да заңды жауапкершілікке тартылады, – деді Санжар Әділов.

Сондай-ақ, ол қазір аталған оқиға бойынша үш қылмыстық іс тіркелгенін атап өтті.

Атап айтқанда, Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, бұл бағытта нормативтік-құқықтық салада түзетулерді қабылдау керек деп санаймыз. Осы ретте өткір заттарды анықтайтын жабдықтарды нысанның кіреберісіне орналастыру ескерілген, – деді вице-министр.

Еске сала кетсек, 7 наурызда Алматы әуежайында ер адам тексеру қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқыта бастаған. Сол сәтте Мұса Әбдірайым қызға араша түсіп, қаскөйді ұстауға көмектескен болатын.

Аталмыш жағдай туралы хабар алған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев батырды марапаттауды тапсырды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұса Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.