Алматы облысының Ащыбұлақ ауылында 29 жастағы екі баланың анасы қайтыс болды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұл жайлы ktk телеарнасы хабар таратты.
Марқұмның туыстары оның күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтып, қайғылы жағдайға осы себеп болуы мүмкін деп санайды. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Марқұмның әпкесі Әзиза Мырзақұлованың айтуынша, сіңлісімен отбасы мүшелері үнемі хабарласып тұрған. Оның сөзінше, Гүлмира жақындарына әрдайым көмектесіп, өмірге құштар адам болған.
«Өз-өзімізге келе алмай жүрміз. Қайта келетін секілді. Сіңлімнен айырылғаныма әлі сенбеймін. Ол бұны жасады деп ойламаймын, оны итермеледі. Мейірімді, барлығымызға көмектесетін жан еді», – деді марқұмның әпкесі Әзиза Мырзақұлова.
Жақындарының айтуынша, Гүлмира медицина саласында білім алған және бірнеше жыл ауруханада жұмыс істеген. 26 жасында тұрмысқа шығып, егіз балаларын дүниеге әкелген.
Туыстарының сөзінше, ерлі-зайыптылар арасында жанжал жиі болған. Қайғылы оқиғаға дейін Гүлмира туыстарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, күйеуінің өзіне күш көрсететінін айтқан. Сондай-ақ балаларын жақындарына аманаттаған.
Марқұмның анасы Оразгүл Монбекова да қызының өліміне тұрмыстық зорлық-зомбылық себеп болуы мүмкін деп есептейді.
«Зорлық-зомбылықтың кесірі деп ойлаймын. Басқа ешқандай себеп жоқ. Мәйітханаға кіргенде денесінің көгергенін көрдім. Қызымның мұндай қадамға барғанына сенбеймін», – деді Оразгүл Монбекова.
Алайда марқұмның қайын атасы бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ұлының келініне күш көрсетуі мүмкін емес. Ол марқұмның туыстары айтқан айыптарды жоққа шығарды. Қазір аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындаған.
Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдиннің айтуынша, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеп-тексеру нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданатын болады. Марқұмның күйеуі күдікті ретінде танылған. Оның кінәсі сотта дәлелденуі тиіс», – деді Ернар Сайділдин.
Қылмыстық іс бойынша соңғы шешім тергеу нәтижесіне байланысты қабылданады.