Қоғам

Астанадағы автобус апатынан зардап шеккен қыздың отбасына автопарк өмір бойы көмектеседі

10:15, 12 маусым 2025 46

Астанада автобустың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен Алуа есімді қыздың отбасы, оған екі аяғын ампутациялауға тура келгеннен кейін, қиын сәтте қолдау білдірген барша жанашыр азаматтарға алғыс білдірді. Олар сондай-ақ автопаркпен өмір бойы көмек көрсету туралы келісімге келгендерін мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қыздың ағалары Бахтияр мен Мадиярдың айтуынша, олар жақында №1 Автопарктің басқарма төрағасы Мәдияр Тұқпатовпен кездескен. Олардың сөзінше, әңгіме өте эмоционалды өткен, алайда автопарк өкілдері болған оқиғаға шын жүректен өкініш білдіріп, жауапкершіліктен жалтармайтынын айтқан.

«№1 Автопарк тек Алуаға ғана емес, оның анасы Махаббаттың барлық төрт баласына өмір бойы қамқорлық көрсету міндетін өз мойнына алды. Бұл – емделу, оңалту және лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге кететін шығындарды да қамтиды», – деді Алуаның ағалары.

Қазір бұл үдеріске заңгерлер мен экономистер тартылып, инфляцияны есепке ала отырып, барлық қажетті шығындар есептеліп жатыр. Келісімдердің заңды түрде бекітілуі жоспарланып отыр. Отбасы әкімдікпен де байланыста болып, көлік қауіпсіздігін жүйелі түрде шешуді көздеп отыр.

Алуаның туыстары қиын сәтте қолдау білдірген барлық қазақстандықтарға шынайы алғыс айтты.

«Біз бәрін оқимыз. Махаббат бәрін оқып шықты, түнде жылап отырды. Бізге дұға еткен, жылы сөз жазған, ақша, азық-түлік, ойыншық берген әрбір жанға рахмет. Сіздердің арқаңызда біз Алуаның болашағын құра аламыз», – деді олар.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз