Қоғам

Астанада Кореядан көлік алдырмақ болған 70-тен астам адам тақырға отырды

09:30, 19 қараша 2025 46

Астана тұрғыны бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін 6 жыл 8 айға сотталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.

Сотталушы жәбірленушілерді шетелде танысы бар екеніне сендірген, автокөлік сатып алуға ниет білдірген азаматтарға алдын ала толық төлем жасаған жағдайда Оңтүстік Кореядан тиімді бағамен автокөлікке тапсырыс беруді ұсынған.

"Алайда жәбірленушілерге берілген көліктерді сотталушы автокөлікті жалға беру компанияларынан уақытша пайдалануға алғаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.

Мәселен, алаяқ жәбірленушіден 4 көлікті жеткізу үшін 14,5 млн теңге алған, ал көліктерді ресми түрде алдағы уақытта тіркейміз деп алдаған.

Бұл ретте сотталған қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында көліктерді жалға алу ақысын енгізіп жүрген.

"Қаскөйдің алаяқтық әрекеттерінен 70-тен астам тұлға зардап шекті, жалпы шығын 420 млн теңгені құрады", - дейді прокуратура.

Сотта прокурорлар қылмыскердің өзіне жүктелген міндеттерді орындауға нақты мүмкіндігі болмағанын, қылмыстық ниетін орындау мақсатында автокөліктерді жалға беру шартын жасасып, ұрланған ақшалай қаражатты өзінің жеке мақсаттарына пайдаланғанын дәлелдеді.

Сотталған өз кінәсін толық мойындады.Сот сотталушыға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз