Астанада «Биг Шанхай» базарында болған ірі өрт: зардап шеккендерге көмек штабы ашылды
14:34, 18 шілде 2025
14
Фото: интернеттен
Бүгін түнгі сағат үштен бастап Астанадағы Байқоңыр ауданында орналасқан «Биг Шанхай» базарының үш қабатты ғимаратында болған ірі өртпен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күресіп жатыр. Өрт таңғы 07:10-да оқшауланғанымен, сөндіру жұмысы әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы бөлімшелер оқиға орнына келген сәтте өрт едәуір өршіп кеткен. Ғимараттың қабат аралық жабындары жартылай құлаған, қалың түтін басқан. Сонымен қатар, өрттің қосалқы галерея арқылы көршілес орналасқан «Орда» базарына таралу қаупі болған.
Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, үздіксіз су беру ұйымдастырылды, бірнеше өрт сөндіру құрылғысы жұмыс істеп жатыр. Өртке жоғары дәрежелі ранг берілген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, 112 қызметіне тиісті хабарламалар түспеген.
«Базар әкімшілігі өрт туралы хабарламаған. Өртті бірінші және үшінші қабат терезелерінен шыққан қою қара түтінді байқаған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері анықтаған», – деп хабарлады ТЖМ.
Қазіргі уақытта өртті толық жою бойынша жұмыс жалғасуда – от ошақтарын сумен сөндіру және құрылымдарды бөлшектеу жүргізілуде.
Өрттің көлемі мен себебі нақтылану үстінде. Толық ақпарат барлық жұмыс аяқталған соң жарияланады.
Өртке байланысты Астанада «Биг Шанхай» базарындағы сауда нүктелері зардап шеккен кәсіпкерлер мен қызметкерлерге көмек көрсету үшін арнайы түсіндіру штабы жұмысын бастады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Штаб Алаш тасжолы, 30а мекенжайындағы «Anuar» супермаркетінің 3-қабатында орналасқан.
«Штаб жалға алушыларға, кәсіпкерлер мен базар қызметкерлеріне кеңес беріп, құқықтық, қаржылық және өзге де мәселелер бойынша ақпарат ұсынуда. Әрбір адам келіп, өзекті мәлімет алып, әрі қарайғы әрекеттерге қатысты кеңес ала алады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Оқиға орнында ТЖД, полиция департаменті, әкімдік, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен базар әкімшілігінің өкілдері кезекшілік етіп, кеңес беруде.
Билік өкілдері қала тұрғындарын тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.