Қоғам

Ащы суға тәуелділерді тегін емдеу: Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығында маскүнемдіктен арылуға мүмкіндік бар

12:39, 11 желтоқсан 2025 87

Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығында тәуелді адамдар тегін емделеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Екі миллионнан астам халық мекендейтін Алматыдағы дүкен сөрелерінде алкогольдің  түр-түрі бар. Соңғы кездері Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында емделушілер арасында  бағасы удай ішімдікке тәуелділер де шипа іздеп келеді. Олар сот шешімімен мәжбүрлі түрде ұзақ уақыт емделеді.

Қымбат арақ болсын, арзанын ішсе де оның ағзасы соған тәуелді болып тұр. Қалай десек те,   маскүнемдік дертіне душар болады. Салдары біреу. Енді кейбіреулер «мен тазасын ішіп жатырмын, тәуелді болмаймын» деген сенімде. Өкінішке қарай, соқыр сеніммен өзінің созылмалы ауруға бой алдырғанын түсінбейді, - дейді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.  

Биыл қала бойынша 4700-ге жуық адам наркологиялық динамикалық бақылауда тұр. Олардың 1300-і есірткіге тәуелді. Орталық директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, ащы суға тәуелді екенін адамның бойында пайда  болатын белгілерден байқауға болады. Көп жағдайда туыстары науқастың  маскүнем екенін мойындаудан бас тартады. Мамандар сол ауру белгілерін түрлі сылтаумен ақтап алып, дерттің асқынып кеткенін байқамайды деген пікірде. 

Алкоголизмнің  үш кезеңі бар. Бірінші кезеңінде адамдар алкогольді анда-санда ішеді, бірақ көлем жағынан көп ішеді. Кейбіреулер 100-200  грам ішіп тоқтайтын болса, бұлар «құлқыным ашылып кетті» деп 1 литрге дейін ішеді.  Екінші кезеңде  абстиненттік синдром, қан қысымы көтеріледі, жүрек қағысы жиілейді. Содан арылу үшін жалпақ тілмен айтқанда «бас жазады». Одан кейін апталап, айлап ішу әдетке  айналады. Ащы суды ұзақ уақыт тұтыну салдарынан психоз пайда болады. Көзіне елес көрінеді. Бұлардың ерекшелігі аузына алкоголь сусыны тисе, ауруы қозады. Мұны үшінші кезең, - дейді орталық басшысы.

Сапар Рахменшеев ішімдікке үйір адамның  орталық нерв жүйесі, ойлау қабілеті , жүрек қызметі, қан айналымы, ас қорыту мүшелері бүлінетінін айтады. Арақ, сыра, шарапты  тұрақты түрде тұтынған адамның физикалық жағдайы, психологиясымен бірге  туыстарының да мазасын қашырып, өмірін тозаққа айналдырады . Әрі  ұзақ уақыт емделген адам ғана ауруды еңсереді.

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында мәжбүрлі түрде емдейтін бөлім бар. Онда емделіп жатқандардың бірі 46 жастағы алматылық Дина. Ол 5 жылдан бері ащы судың құрсауында.Отбасы, қызы бар. 

Барлық адамдар секілді күнделікті тіршілігімді жасап жүремін. Мейірбикемін. Дүкенге қалай барып, қалай сатып алып, қалай ішіп қойғанымды білмеймін. Содан 4,5 күн үйде жалғыз отырып, тоқтамай  ішемін. Сосын алтыншы күні іше алмаймын. Бүкіл ағзам ішімдікті қабылдамайды.  Күйеуім  осы орталыққа  әкеледі, - дейді Дина.

Ол өзінің әрекетіне ұяламын деп ақталады. Бірақ араққа құмарлықты жеңуге қауқарсыз екенін мойындайды.

Таңертең күйеуім де, қызым да маған ренжіп, үйде ұрыс басталады. Ауырып, денем қалшылдап, сіркем су көтермей тұрса да жұмысқа кетемін. Бірақ үйден шығып, дүкенге барамын. Кішкене ұрттағанда  денемнің қалтырап, дірілдегенінен құтыламын деп ойлаймын. Бір ұрттағанда үйдегі ұрыс-жанжал есіме түсіп, ызаланып, тағы ішуді жалғастырамын, - дейді науқас.

Мамандар маскүнемдіктің емі бар дейді. Орталықта Алматы қаласының тұрғындары тегін емделеді.

Мен 1997 жылдан бері қаншама адамды емдедім. Олардың арасында алкоголь өнімдерінен бас тартқан тұрғындар өте көп. Ең алдымен ол олардың емделемін деген ниеті болу керек. Орталықтың наркологиялық қызметі бар. Сонда емхана бөлімінде әр ауданның нарколог дәрігеріне келу керек. Тағы бір жолы туыстарының науқасты орталыққа әкеліп, біздің мамандар тексеріп, көрсеткіштері болса осында жатқызады. Амбулаториялық ем де тағайындауы мүмкін, - дейді бас дәрігер.

Тағы бір кеңес - орталықтың сенім телефондары бар.  Психологтар тәулік бойы кез-келген сұраққа жауап береді. Сонымен бірге орталыққа жедел жәрдем көлігі  әкелген  науқастар да тегін емделеді.

Мамандар ішімдікке әуес науқасты шыңыраудан алып шығу үшін медициналық ем, психологиялық көмекпен бірге  туысқандарының қолдауы ауадай қажет екенін ескертеді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз