Ақтөбе қаласында мүгедектігі бар жандарға арналған «Қуат» инклюзивті спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оғаноблыс әкімі Асхат Шахаров, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ спорт қауымдастығының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен спортшылар қатысты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынды және инклюзивті саясатты іске асыру мен барлық азаматқа тең мүмкіндіктер қалыптастыру жолындағы маңызды қадамға айналды.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров жобаның маңыздылығына тоқталып, бұл бастама мемлекеттің инклюзивті ортаны дамытуға, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және адами әлеуетті ашуға бағытталған саясатын айқын көрсететінін атап өтті.

Бүгін – Ақтөбе облысы үшін маңызды күн. Бұл күнді асыға күттік. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ерекше жандардың спортпен жүйелі айналысуына арналған заманауи «Қуат» спорт кешенінің есігін айқара ашып отырмыз. Бұл кешен – жай ғана спорт ғимараты емес, бұл – үміттің, сенімнің, рухтың және мүмкіндіктің ордасы.Мұнда әр спортшы өз күшіне сенуді, өз шекарасын еңсеруді, жеңіске ұмтылуды үйренеді. Біз бұл жерде тағдыры спортпен тығыз байланысты, өз ерік-жігерімен, еңбегімен, табандылығымен елге үлгі болып жүрген спортшыларды көріп отырмыз, – деді өңір басшысы.


Кешеннің жалпы аумағы 4 855 шаршы метр. Ашық алаңдардағы жаттығуларды қоса есептегенде, күніне 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Мұнда халықаралық стандарттарға сай толық қолжетімді орта қалыптастырылған. Кешенде жүзу бассейні, әмбебап спорт залы, күрес залы, жаттығу жабдықтары бар бөлмелер, үстел теннисі залы және ашық спорт алаңдары бар. Көрермендерге арналған 200 орын қарастырылған.

Кешен базасында спорттың 20-дан астам түрі дамытылады. Паралимпиадалық бағыттар қатарында жеңіл атлетика, жүзу, отырып ойнайтын волейбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, парадзюдо, оқ ату, арбадағы теннис, голбол, бочча, паратаэквондо бар.

Сурдлимпиадалық спорт түрлеріне футзал, күрес, дзюдо, бадминтон, шахмат, үстел теннисі, жүзу, таэквондо және басқа да бағыттар енген. Сонымен қатар паралимпиадалық емес спорт түрлері – тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, армрестлинг те қарастырылған.

Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңге. Бас мердігер – «Интерстиль» ЖШС. Ал Samruk Kazyna АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылық жобаларды жүзеге асыратын «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорыдемеушілік танытты. Кешенде 106 жұмыс орны ашылды.

Сіздерге табандылық, мықты денсаулық пен үлкен жеңістер тілеймін. «Қуат» спорт кешені сіздер үшін күш-қуат, серпін және биік мақсаттар мекеніне айналсын», - деп спортшыларға ақжарма тілегін жеткізген Асхат Шахаров Туризм және спорт министрлігі, құрылысшылар, сала мамандары және жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық серіктеске алғыс білдірді.

Қонақтар кешеннің спорт залдарын, жаттығу алаңдарын және арнайы кабинеттерін аралап көріп, жаттықтырушылар мен спортшылармен әңгімелесті, пара- және сурдоспортпен айналысуға жасалған жағдайлармен танысты.

Параспортшы Гүлім Құрманбаева заманауи орталықтың ашылуына байланысты Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін бұл тек ғимарат қана емес, жаңа мүмкіндіктер мен болашаққа деген сенімнің нышаны екенін тілге тиек етті.
Біз үшін мұндай кешеннің ашылуы – үлкен оқиға. Мұнда жаттығу жасауға барлық қолайлы жағдай жасалған. Мен Қандыағаш қаласында тұрамын, бірақ енді осында келіп жаттығамын. Параспортшыларымыздың әртүрлі спорт түрлерінде қазірдің өзінде елеулі жетістіктері бар, ал мұндай жағдайлар бізге алға жылжуға көмектеседі. Бізге толыққанды жаттығып, жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретін орынның пайда болуына себепкер болғаны үшін Президентке алғысымды білдіремін, – деді ол.
Спорт кешенінің ашылуы өңір үшін маңызды оқиға, әрбір адамның өз әлеуетін ашып, табысқа жетуіне мүмкіндік беретін елеулі қадам.