Қоғам

Ақтөбеде құдыққа түскен қызды құтқарамын деп қайтыс болған марқұм облысқа танымал бапкер болып шықты

10:57, 20 маусым 2025 25

Ақтөбе облысының Жарлы ауылында қайғылы оқиға болды. 17 маусым күні 9 жастағы қыз бала жеке үйдің ауласында орналасқан, тереңдігі шамамен 10 метр болатын құдыққа құлап кеткен. Баланы құтқару үшін  38 жастағы спортшы құдыққа түсіп, қайта шыға алмай қалған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Құдық қараусыз қалған, қоқысқа толған.

Құтқарушылар екі үйге ортақ аулада орналасқан, ішіне қоқыс төгілген құдықтан бала мен ересек адамды ес-түссіз хәлде алып шыққан. Екеуі де жедел жәрдем келгенше қайтыс болды.

«Құтқарушылардың көмегімен бала мен ересек адам құдықтан ес-түссіз күйде шығарылды. Аудандық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетті. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, екеуі де қайтыс болды», – деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД.

Қазір оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.

Марқұм ер адам Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес жаттықтырушысы, алты баланың әкесі Нұрбол Бердіғалиев болып шықты. 

Нұрбол Бердіғалиев 2017 жылдан бері Жарлы ауылында тұрып, жұмыс істеген. Ол республикалық және облыстық турнирлердің 40-қа жуық жеңімпазы мен жүлдегерін дайындаған. 20 шәкірті спорт шеберлігіне үміткер атағын алды.

Нұрбол сол үйдің көршісі болған. Марқұмның артында 6 баласы қалды.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз