Қоғам

Ақтөбеде қазақ күресі жарысында жарақат алған жас спортшы көз жұмды

10:27, 13 қыркүйек 2025 55

Ақтөбеде қазақша күрестен жарысқа барған 15 жастағы жасөспірім алған жарақаты салдарынан көз жұмған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға 2025 жылдың ақпанында болса да, марқұмның туыстары қайғылы оқиға туралы енді ғана айтуға бел байлаған. Жасөспірімнің ата-анасына Астанадағы күрес жарысы кезінде болған оқиға әсер етіпті. 

Астанадағы сайысқа 15 жастағы Рахымжан Елепбергенов өз бапкерімен бірге Родниковка ауылынан келген. Спарринг кезінде қарсыласы жасөсіпірімді көтеріп кілемге лақтырған. Жасөспірім жағдайы нашарлап, басын ұстап, кілемде жатып қалған.

“Видеода ұлымның ұзақ уақыт қиналып жатқаны көрінеді. Зал толық болса да, ешкім назар аудармаған. Біраз уақыттан кейін бір бапкер, кейін басқалары келеді. Бірақ ол кезде Рахымжан есінен танып қалған”, – дейді жасөспірімнің әкесі Нұрлыбек Мұқанғалиев.

Жасөспірімді ауруханаға алып келгенде дәрігерлер дереу комаға түскенін анықтап, миына қан құйылғанын хабарлаған. Туыстарының айтуынша, оқиғадан 28 сағат өткен соң ғана бас сүйегіне ота жасалған. Отадан кейін ол 42 күн бойы ес-түссіз жатыпты.

2025 жылдың 5 сәуірінде жасөспірім өмірден өтті.

Кейінірек ата-ана ұлдары жарақат алған күні жиында дәрігерлер болмағанын, спортшылардың қасында алғашқы медициналық көмек көрсете алатын адам болмағанын білген.

“Жиын қазақша күрес федерациясының бастамасымен өткен. Нысанға медицина қызметкері бекітілген, бірақ дәл сол күні ол денсаулығына байланысты демалыста болған”, – дейді Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз