Ақтөбеде оқушы өліміне қатысты тағы бірнеше күдікті қамалды
Темір ауданы Қопа ауылындағы оқушы өліміне қатысты істің бабы өзгертілді. Қазіргі кезде 10 күдікті қамауда отыр.
Темір ауданы Қопа ауылындағы оқушы өліміне қатысты істің бабы өзгертілді. Қазіргі кезде 10 күдікті қамауда отыр. Тағы екеуінің қайда жүргенін полиция анықтайды, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылындағы оқушы өлімінен соң бұзақылық және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша іс қозғалды, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қазіргі кезде іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабына ауыстырылды. Бүгін күдікті оқушылардың ата-аналары облыстық прокуратура маңына жиналып, себебін сұрады.
«Алғашында Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3 бөлігімен қамалды. Еш дәделсіз, негізсіз 99 баптың 2 бөлігіне ауыстырып жіберді. Полиция, прокуратура басшысына барғанымызбен нақты себебін біле алмадық. Балам 4 қыркүйектен бастап қамауға алынды. Бұл балалар қасақана өлтірген жоқ. Бірге араласып, бірге ойнап жүрген балалар. Балам 14 жаста. Адам өлтіремін деп барған жоқ. Менің баламның өзі де осы жерде жәбірленуші, орындаушы болып тұр. 11 сынып балалары ұйымдастырып, апарған. Ұруға мәжбүрлеген. Қылмыстық кодекстің 99 бабына да, 106 бабына да келіспеймін. Қасақана өлім жоқ. Мектепте әлемжеттік бар. Система деп аталады. Бірнеше жыл болған. Былтыр осы жағдаймен іс тіркеліп, балалар ұсталып, аяқсыз қалды. Өзімнің балам 10 сыныпқа келгенде құрбаны болып тұр»,- деді Нұржан Төлебаев.