Есболовтар отбасындағы 5 бала қазір пәтер жалдап тұрады. Ал анасы Жұлдыз Тлеуф өзінің жүйке ауруына шалдықпағанын растау үшін Алматыдағы емдеу орталығында тексеріліп жүр. Отбасының тұңғышы Құралай Есболатова осы жағдайға жеткізгендердің жауапқа тартылуын сұрады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
Есболовтар отбасы Ақтөбе облысы Қобда ауданында тұрған. Кейін ерлі-зайыпты ажырасып, анасы мен балалары Ақтөбе қаласына қоныс аударады. Үйдің тұңғышы Құралай әлеуметтік желідегі парақшасында нағашыларының арасындағы даудан соң анасының мәжбүрлі түрде жүйке ауруына шалдыққандарды емдейтін орталыққа жатып шыққанын айтып, көмек сұрады. Оның мәліметіне сүйенсек, бауырлар арасындағы мүлікке талас соңында анасы есепке алынған.
— Отбасындағы бесеуіміз де жақсы оқимыз. Балалар балабақшадан, мектептен қалған емес. Өзім төртінші курс студентімін. Анама балабақша, мектеп, колледжден жақсы мінездеме беріліп отыр. Бірақ апам «балалар қараусыз қалған, сабаққа бармайды, туған анасын ұрды, көшеде жүреді, есі дұрыс емес» деп айтып, мінездеме берді. Дәрігерге дәл осылай жазған. Анамды орталыққа жатқызған соң телефоны нағашы апамда қалған. Олар үйді сатты. Сонымен бірге анамның телефоны арқылы сыныптастарынан, біздің сыныптағы ата-аналардан ақша жинап алған. Менің банк шотымды да пайдаланды. Жиналған сома қомақты екен. Мұның бәрін естіген соң мен жан-жақтан көмек сұрадым. Анама шизофрения диагнозын қойды. Енді біз үй-күйсіз жүрміз. Бұл бәріміздің жолымызды жапты. Сотқа арыз да түсірдік. Анам болса Алматы қаласында бақылауда жатыр. Олар диагноздың рас немесе өтірік екенін анықтайды, — деді видеода Құралай Есболатова.
Ақтөбе облысындағы балаларды қорғау, қолдау орталықтарының бәрі бұл оқиға туралы біледі. Расымен де 5 бала алдымен «Аяла» орталығында жатты.
— Бұл отбасы «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына биыл 15 сәуір күні келді. Анасы ол кезде ауруханаға жатып қалған екен. Анасы ауруханадан шығып, 21 мамыр күні Дағдарыс орталығына жіберілді. Себебі анасы балаларымен бірге барар жері жоқ екенін айтқан. 102-ге хабарласып, полиция шақырып, сонда апарды. Әлеуметтік желіге жарияланған алғашқы видео сол сәуірде түсірілген, — деді «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Гүлбарша Жиенқұлова.
Оның айтуынша, көпбалалы отбасының кішкентайы қазір 4 жаста, үлкені болса колледжде білім алады.
Ал Дағдарыс орталығының басшысы Раиса Байлиеваның айтуынша, мамыр айында орталыққа қоныстанған отбасы 5 ай мемлекет қамқорлығында болды. Кейін анасы мен үйдің үлкен қызы қолхат жазып, отбасы орталықтан шығып кетті. Ақтөбе облыстық білім басқармасы болса балалардың бәрі де мектепке барып, сабақ оқып жүргенін хабарлады. Кішкентайы балабақшада.
— Балалардың ата-аналары 2021 жылы заңды түрде ажырасқан. Әкелері балаларының тәрбиесіне және тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу мәселелеріне араласпайды. Аналарының ата-аналық құқығы шектелмеген. Балалар анасының ем қабылдау кезеңінде уақытша мемлекет қамқорлығына алынып, кейіннен өзіне табысталды. Құзырлы органдардың мәліметіне сәйкес, анасының атына тұрғын үй тіркелмеген. Мәселе Ақтөбе облысының білім және балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының тұрақты бақылауында, — деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, балалардың анасы Жұлдыз Тлеуф қазір Алматыда. Ол емдеу орнында тексеруден өтіп жатыр. Ал балалар үйдің тұңғышы Құралай Есболатованың жанында. Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, алматылық дәрігерлердің шешімінен кейін ғана қамқоршылық сұрағы шешіледі.
Ал Балалардың құқығын қорғау комитетінің Ақтөбе облысындағы уәкілі бұл жағдай бақылауда болғанымен, істің ақ-қарасы ашылмай толық ақпарат бермейтінін айтты. Отбасымен кездесіп, мән-жайды анықтамақ.