Аймақ

Ақтөбе облысында онлайн-казино ұйымдастырғандар 306 млн теңге табыс тапқан

15:07, 10 ақпан 2025 22

Актөбе облысында заңсыз онлайн-казино ойынын ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына сәйкес, күдіктілер 2022-2024 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, «bingo37.pro» платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін басқарған. Қатысушылардан ақшалай бәсті операторлар банктік аударым арқылы қабылдаған, содан кейін оларды платформаға тіркеп, ойынға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме ұсынған.

Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдіктілер дроптарды — көлденең адамдарды тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдеген. Ақшаның қылмыстық ізін жасыру мақсатында осы карталар арқылы олар қомақты ақша сомаларын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Заңсыз онлайн-казиноның қызметінен күн сайын 150 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін ақша түсіп отырған. Топтың жалпы қылмыстық табысы 306 миллион теңгеден асқан, – делінген хабарламада.

Қаржылық тергеу барысында күдіктілер заңсыз алынған ақшаға жалпы құны 66 миллион теңге болатын «Toyota Land Cruiser» және «Lexus EC 250» маркалы екі автокөлік алғаны анықталды. Осы көліктерді тәркілеу мүмкіндігінен жасыру мақсатында өзге адамдардың атына рәсімдеген. Соттың санкциясымен аталған автокөліктер бұғатталды.

Ұйымдастырушыларға қатысты сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз