Ақтөбе облысының прокуратурасы денсаулық сақтау саласындағы азаматтардың құқығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізген талдау барысында, Ойыл ауданында ақылы медициналық қызметтердің құнының негізсіз қымбаттағанын анықтады. Бұл қымбатшылық халықтың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін шектеп, құқығының бұзуылуына әкелді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Атап айтқанда, №073/е анықтамасы (көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін) мен №075/е анықтамасының (медициналық кәсіби-консультациялық қорытынды) құны тиісінше 7 705 теңге, ал №076/е анықтамасының (қару ұстауға рұқсат алу үшін) бағасы 9 405 теңге болған. Бұдан бөлек, қызмет көрсету бағасына хирург, невропатолог қарауы және Вассерман реакциясына қан талдауы сияқты қосымша медициналық қызметтер негізсіз енгізілгені анықталды.
Сонымен қатар, аудан ауруханасында қажетті диагностикалық жабдықтардың жетіспеушілігі де байқалды, бұл науқастарды облыстық медициналық мекемелерге жүгінуге мәжбүр еткен.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде, қызметтердің бағасы төмендетіліп, №073/е анықтамасы 6 000 теңгеге, №075/е анықтамасы 5 000 теңгеге, №076/е анықтамасы 9 000 теңгеге түсірілді. Сонымен қатар, ауруханаға қажетті жабдықтарды сатып алу туралы өтінім облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды.
Жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал азаматтардың құқықтары толық қалпына келтірілді.