Қоғам

Ақтауда 50 келілік аттракцион элементі 3 жасар баланың үстіне құлады

00:00, 24 тамыз 2025 59

Ақтауда үш жастағы баланың үстіне салмағы шамамен 50 келі болатын аттракционның техникалық элементі  құлап кеткен, деп хабарлайды bairaqmedia.kz. 

Оқиға өткен бейсенбі, 21 тамыз күні, «Saya Park» сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан «Apollo» балалар ойын орталығында болған.

Баланыңанасы – Айнұр Бисембаеваның айтуынша, конструкцияда ешқандай бекіткіш болмаған және ол электроқалқанды жабу үшін қолданылған. Сырты жұмсақ қаппен қапталғанымен, ішінде ауыр металл блок орналасқан көрінеді.

«Конструкция мүлде бекітілмеген. Өзім де көтеріп көруге тырыстым, бірақ өте ауыр екен», – дейді жарақат алған баланың анасы.

Lada.kz басылымының мәліметінше, оқиғадан кейін бала ауруханаға жеткізілді. Баланың сүйектері аман, алайда бүлдіршін аяғының әлі де ауырып тұрғанын айтқан, сондықтан оған МРТ (магниттік-резонанстық томография) тағайындалды. Сонымен қатар, анасы ұлының ұйқысы бұзылып, психологтың көмегіне мұқтаж екенін айтады.

Отбасы «Apollo» ойын орталығының әкімшілігінен 200 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етіп отыр. Әйелдің айтуынша, орталық тек алғашқы күні дәрігерге бару мен дәрі-дәрмекке кеткен шығынды өтеуді, сондай-ақ бірреттік аквапарк немесе ойын орталығына кіру қызметін ұсынған.

«Маған олардың аквапаркі не үшін керек? Балам үйде жатыр. Мен оны әлі де дәрігерлерге апаруым керек, ал олар маған көңіл көтер дегендей», – деп ашынды Айнұра Бисембаева.

Полиция бұл жайт бойынша өтінішті тіркеп, материалдар Ақтау қалалық әкімдігіне жолданатынын хабарлады.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз