Ақмола облысының прокуратурасы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығының бұзылу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Тексеру нәтижесінде, заң талаптарына қайшы түрде 33 баланың тұрғын үй кезегінен шығарылғаны, 8 баланың уақтылы кезекке қойылмағаны, сондай-ақ 1 балаға баспана беруден мүлде бас тартылғаны белгілі болды.
Мысалы, аудан орталықтарының бірінде жетім балаға тиесілі пәтерде екі жыл бойы мемлекеттік мекеме басшысы заңсыз түрде тұрып келген. Прокуратураның қадағалау актісі негізінде пәтер қайтарылып, балаға табысталды.
Қазір балалардың бұзылған құқығын қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Облыс прокуратурасы осы санаттағы балалардың конституциялық құқықтарын қорғауды одан әрі бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.