Арыс қаласында төрт жасар Әлирахман Сейітхан аурухана қабырғасында көз жұмды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ата-анасы баланың өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Олардың айтуынша, түн ортасында ауруханаға түскен баланы дәрігер алты сағат бойы қарамаған, өйткені ол өз кезекшілігінде ұйықтап жатқан.
«Баламды түнгі үш жарымда алып бардық. Таңғы тоғызға дейін ешкім қарамады. Сол аралықта балам сөйлеп, су сұрады, дәретке барды. Өзім де тынышталып, дау шығармадым. Бірақ таң ата есінен айырылды. Дәрігер тек сол кезде келді», — дейді баланың анасы Ұлжан Жүзей.
Анасының сөзінше, ауруханада МРТ мен КТ аппараты болмаған, сондықтан нақты диагноз қою мүмкін болмаған.
Баланың жағдайын бағалауға келген астаналық маман жергілікті дәрігерлердің қойған диагнозын өзгертіп, жаңа ем жоспарын қалдырған. Бірақ бала оған дейін-ақ жан тәсілім еткен.
«Олар тек болжаммен “вирусный энцефалит” деді. Талдау таза шықты. Астанадан келген маман басқа диагноз қойып, дәрілер жазып кетті. Бірақ балам жұмаға жетпеді», — дейді анасы көз жасын тыя алмай.
10 қазанда ауруханаға түскен Әлирахман 23 қазанда көз жұмған. Тергеушілер келгенде түнгі кезекші мейірбике дәрігерді үш рет оята алмағанын айтқан.
«Бір баланың өмірі қыл үстінде тұрғанда дәрігер ұйықтап жата ма? Кейін ол дәрігер бізге адам жіберіп, арызды қайтарып алыңдар депті. Естуімше, бас дәрігер қазір депутат болуға дайындалып жүр. Бірақ біз кінәлілер жазасын алсын дейміз», — дейді Ұлжан Жүзей.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы жалғыз ұлын жер қойнына тапсырды. Ал Арыс қалалық ауруханасы бала өліміне дейін қызметтік тексеріс басталғанын айтқанымен, әзірге нақты нәтижесін жарияламаған.
Құқық қорғау органдары да бұл іске қатысты ресми ақпарат бермей отыр.