«АЗМК» ЖШС өндірістік алаңында еңбек ұжымымен кездесу өтті. Шара барысында кәсіпорынның ішкі жұмысы таныстырылып, жұмысшылармен тікелей пікір алмасу ұйымдастырылды. Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссияның мүшесі Сергей Пономарев қатысты. Ол алдағы референдум аясында ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңыздылығына тоқталып жұмысшылармен тілдесті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Сергей Пономарев өз сөзінде Конституция – елдің болашағын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.
Құрметті отандастар!Бүгін біз ортақ үйіміз – Қазақстанның тағдырын айқындап отырмыз. Күн сайын халықтың нақты сұранысын естіп, қоғамның тынысын жақсы білетін депутат әрі журналист ретінде нық сеніммен айтамын: жаңа Конституция – қоғам күткен үмітке берілген адал жауап. Бұл – үмітті нақты кепілдікке айналдыратын құжат. Мен бұл жобаны қолдаймын, осы орайда үш негізгі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, бұл – біртұтас халықтың Конституциясы. Конституцияның преамбуласы мен баптарында Қазақстан халқының бірлігі, тарихи қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайту айқын көрсетілген. Мұнда «өзіміз» және «өзге» деген ұғым жоқ. Әрбір азаматтың ар-намысы мен құқығы тілі мен этностық тегіне қарамастан заңмен тең қорғалады. Екіншіден, бұл – тікелей диалог Конституциясы. Біз жиі «билік халықты естуі тиіс» дегенді айтамыз. Жаңа Конституция осы бағытта үлкен қадам жасап, бірегей институт – Қазақстан Халық Кеңесін құруды көздейді. Үшіншіден, бұл – экологиялық жауапкершілік Конституциясы. Елін сүйемін деген адам туған жерінің ластануына бейжай қарай алмайды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы экология әр азаматты толғандыратын мәселе екенін көрсетті. Бұл Конституция – прогрессивті әрі әділ. Ол ашық пікірталастар мен тікелей эфирлер арқылы, ешқандай сүзгі мен цензурасыз талқылаудан өтті. Бұл құжат бізді Халық Кеңесі арқылы біріктіреді, тең құқық арқылы қорғайды және болашағымызды сақтайды. Бұл – біз үшін және балаларымыз үшін жасалған Конституция. Баршаңызды азаматтық даналық танытуға шақырамын.Бірге күшті, таза әрі әділетті Қазақстан құрайық, - деді ол.

Осыдан соң саясаттанушы Аладин Мұстафаев сөз сөйледі.
Бүгін біз елдегі ең ірі өндірістік орталықтардың бірі – АЗМК кәсіпорнында болып, алдағы референдум аясында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кездесу барысында азаматтарға Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістердің мәні мен маңызын жеткізуге басымдық берілді.Атап айту керек, ұсынылып отырған өзгерістер жай ғана жекелеген түзетулер емес. Конституцияның 74 пайыздан астамы жаңарып, елдің негізгі заңы түбегейлі жаңаша сипатқа ие болмақ. Бұл – қоғамның барлық саласын қамтитын ауқымды өзгеріс. Осы тұрғыда әрбір Қазақстан азаматының дауыс беруге қатысуы аса маңызды. Менің ойымша, ешкім өз мемлекетіне, өз елінің болашағына, балаларының ертеңіне бейжай қарамауы тиіс. Әр азамат сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасап, болашақ ұрпақтың тағдыры үшін дауыс беруі қажет - деп атап өтті.

