Спорт

Алматыда жаңа күрес залы ашылды

13:21, 17 қараша 2025 60

Алматыда жаңа күрес залы ашылды, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін спорттық нысанды Қазақ спорт және туризм академиясы өз қаражатына салған. Енді білім ордасының студенттері қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим, дзюдо және  самбо түрлерімен алаңсыз айналыса алады. Заманауи кешен бір ауысымда 700-ге жуық спортшыны қабылдауға дайын.

Су жаңа күрес залының ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко  және Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Закирьянов қатысты. Сондай-ақ жаңа күрес залында грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының жүлдегері Демеу Жадыраев пен Параолимпиада ойындарының жүлдегері Зарина Райфова шеберлік сабақтарын өткізіп, жас балуандарға тәжірибелерімен бөлісті.

Мың шаршы метр аумақты алып жатқан бұл кешенге төрт бозкілем қатар сыйяды. Бұрын академия студенттері шағын залда жаттығу жасап, ірі жарыстарға сол жерде дайындалатын. Бірақ сол жердің өзінен талай әлем чемпиондары шықты. Енді жаңа, кең әрі заманауи күрес базасының ашылуы балуандардың дайындық деңгейін жаңа белеске көтерді-деп күтілуде.  

Қазақ спорт және туризм академиясы балуандардың ұстаханасы деуге болады. Осы жерде білім алған студенттер Олимпиада мен әлемдік деңгейдегі додаларда талай мәрте топ жарды. Мәселен, Анатолий Колесов, Валерий Резанцев, Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Быков, Шәміл Серіков және Юрий Мельниченко – осы күрес спортының аңызға айналған тұлғалары. Олар Академияда тәлім алып, өз дәуірінің ең мықты балуандарына айналды.

Бүгінгі күні олардың жолын  жалғап, ел намысын биік ұстаған Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Асхат Жіткеев, Нұрбақыт Теңізбаев, Ғұсман Қырғызбаев, Демеу Жадыраев, Параолимпиада жүлдегері Зарина Райфова, сондай-ақ әлем чемпиондары Бақтияр Байсейітов, Алмат Кебіспаев, Қанат Байшолақов, Асхат Шахаров, Асылбек Әлкей сынды спортшылар – күллі қазақтың мақтанышы.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз