Спорт

Алматыда бокстан студенттер арасында әлем чемпионаты өтуі мүмкін

15:57, 05 желтоқсан 2025 30

2026 жылы Алматыда бокстан студенттер арасында әлем чемпионаты өтуі мүмкін. Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуді Халықаралық университеттер спорты федерациясының өзі ұсынып отыр. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз отырысында Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының Президенті Қайрат Закирьянов айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

 

28-қараша күні Қытайдың Макао қаласында Азия университеттік спорт федерациясының Бас Ассамблеясы өтті. Бұл жиынға Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының Президенті Қайрат Закирьянов арнайы қатысқан. Іс-шара аясында өңірдегі университеттік спортты дамытуға қатысты негізгі мәселелер, ынтымақтастық стратегиялары және Орталық Азиядағы студенттік спорт жобаларын ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамалар талқыланыпты.

Бокстан студенттер арасында Әлем чемпионатын өткізу туралы ұсыныс – Халықаралық университеттер спорты федерациясы мен басқа да әлемдік ұйымдардың елімізге деген зор сенімі деп білеміз. Халықаралық университеттер спорты федерациясының Президенті Леонц Эдер Қазақстанның халықаралық ірі жарыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі мол екенін атап өтті, - деді Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының Президенті Қайрат Закирьянов.

Бокстан студенттер арасындағы Әлем чемпионатын отандасымыз Геннадий Головкин басқаратын WORLD Boxing халықаралық ұйымның қолдауымен өткізуі мүмкіндігі жан-жақты қарастырылып жатыр. Бұл - жарыстың әлемдік аренадағы беделін арттырып, ең мықты спортшылардың қызығушылығын оятады.

Бұл шара біздің боксшылардың келесі Олимпиада ойындарында кемі бір алтын алуына септігін тигізеді. Білесіздер, Парижден боксшыларымыз алтынсыз оралды. Бұған дейінгі Олимпиадаларда бізді бокс құтқарып келген еді. Қазір біз Геннадий Головкиннің командасымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, - деді Қайрат Закирьянов.

Қалада бокстан студенттер арасындағы әлем чемпионатын өткізу үшін қосымша спорттық нысандар салудың қажет жоқ екен.

Бұған қоса, елімізде студенттер арасында Combat бойынша Әлем чемпионатын өткізуге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауқымды спорттық шара 2028 жылы Астана қаласында ұйымдастырылмақ.

2028 жылы осы чемпионатты өткізгіміз келіп отыр. Әрі оның бағдарламасына қазақ күресін қосу жоспарда бар. Бұған қоса, каратэ мен жауынгерлік самбо сынды спорт түрлерін қосамыз, - деді Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының Президенті.

Сондай-ақ Халықаралық университеттер спорты федерациясы 2029 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын да Қазақстанда екінші рет өткізу мәселесін қозғаған. 

2017 жылы елімізде өткен Универсиаданың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны туралы пікірлер көп болды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, осы шарадан кейін спортпен айналысатын студенттер саны 40 пайыздан 75 пайызға бір-ақ өскен. Яғни, Универсиада талай жастың спортқа деген қызығушылығын оятқан, - деді Қайрат Закирьянов.

Сондықтан, Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын екінші мәрте елімізде өткізудің маңызы зор. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз